
Ақтауда 1996 жылы 17 тамызда Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-теңіз туы алғаш рет көтерілді. Бұл оқиға егемен еліміздің Әскери-теңіз күштерін құру жолындағы маңызды қадам болды. Осы тарихи датаның 29 жылдығына орай Ақтаудағы амфитеатрдың ашық алаңында салтанатты шара өтті. Іс-шараға әскери қолбасшылық, Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы билік өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Салтанатты жиын Мемлекеттік Гимннің орындалуымен басталып, Мемлекеттік және Әскери-теңіз тулары көтерілді. Әскери-теңіз базасының командирі, бірінші дәрежелі капитан Есенғали Байботаев жиналғандарды атаулы күнмен құттықтады.
– Бүгін біз Каспий теңізінің қазақстандық секторында ұлттық мүддемізді қорғауды қамтамасыз ететін Әскери-теңіз күштерінің іргетасын қалаған тарихи оқиғаны атап өтіп отырмыз. Қазіргі әскери қызметшілер алғашқы теңізшілер салған дәстүрлерді бағалап, Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік әлеуетін арттыру мен халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолында қызмет етіп келеді, – деді ол.
Теңіз жағалауында өткен шараға 2000-нан астам қала тұрғыны мен қонақ жиналды. Олар әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлықтарын, десант қону кезіндегі тактикалық іс-қимылдарын және қоян-қолтық ұрыстың тәсілдерін тамашалады. Мерекенің шарықтау шегі Каспий теңізі акваториясындағы Әскери-теңіз күштері кемелерінің шеруі мен Ақтау гарнизоны жеке құрамының салтанатты сап түзеп өтуі болды.
Сонымен қатар, теңіз жағалауында заманауи теңіз техникасының, қару-жарақ пен жабдықтардың көрмесі ұйымдастырылды. Ауқымды шарада әскери оркестр мен Әскери-теңіз күштерінің шығармашылық ұжымы өнер көрсетті.
