Оператордан шеберге дейін: өндірісте шыңдалған маман
Мұнай-газ кешені саласында ұзақ жыл еңбек етіп, өндірістің қалыпты жүруіне үлес қосып жүрген мамандардың бірі – Әлібек Мұқанов. Ол «Қаражанбасмұнай» АҚ №3 мұнай өндіру цехында мұнай, газ және конденсат өндіру шебері болып жұмыс істейді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оның негізгі міндеті – өзіне бекітілген аумақтағы өндірістік жұмысты ұйымдастырып, технологиялық процестің талапқа сай жүруін бақылау.
Шебер күнделікті өндіріс көлемін, өнімділікті арттыруға бағытталған жұмыстарды және технологиялық тәртіптің сақталуын қадағалайды. Сонымен қатар цех жұмысшыларының міндеттерін үйлестіріп, өндірістік көрсеткіштердің орындалуына жауап береді.
Ол бұл қызметке бірден келген жоқ. Қаражанбастағы еңбек жолын мұнай өндіру операторы болып бастап, өндірістің ерекшелігін тікелей жұмыс барысында меңгерді. Тәжірибелі мамандардан үйреніп, біліктілігін арттырып, технологиялық процестерді игерді. Кейін жинаған тәжірибесі оны шебер қызметіне алып келді.
Әлібек Мұқановтың айтуынша, өндірістегі ұзақ жылдар оны тек кәсіби маман ретінде емес, бір ұжымның мүшесі ретінде де қалыптастырған. Оның пікірінше, Қаражанбастағы әріптестік қарым-қатынас пен өзара қолдау өндірістегі жұмыстың маңызды бөлігі.