Ақтауда жаңа заманауи стадионның құрылысы қарқын алды
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтауда бой көтеріп жатқан жаңа көпфункционалды стадионның құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қазіргі уақытта нысанда қазаншұңқыр қазылып, аумақты абаттандыру және дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Құрылыс барысына қажетті арнайы техникалар тартылып, жұмыстар өндірістік кестеге сай атқарылуда.
Бұрынғы резиденция орнында салынып жатқан ауқымды спорт кешені 17,29 гектар жерді алып жатыр.
«Бүгінде нысанда маңызды дайындық кезеңі жүріп жатыр. Жер жұмыстары атқарылып, құрылыс алаңы қалыптастырылуда. Алғашқы кезеңнен бастап қажетті қарқын мен сапаны қамтамасыз етіп, жұмыс кестесін сақтау маңызды. Бұл стадион Ақтау қаласы мен жалпы өңір үшін маңызды нысанға айналады. Сондықтан құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуге тиіс», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Негізгі стадион 10 мың көрерменге арналған. Өлшемі 105×68 метр болатын футбол алаңы табиғи көгалмен жабдықталып, жылыту және жерасты дренаж жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Нысан Қазақстан футбол федерациясының 5-санатына және UEFA-ның 4-санатына сәйкес келеді.
Кешен құрамында 40 орындық жатақханасы, асханасы, шағын футбол залы, жаттығу және функционалдық залдары, медициналық-оңалту блоктары, оқу кабинеттері мен конференц-залы бар футбол академиясы қарастырылған.
Сонымен қатар аумақта 600 және 400 көрерменге арналған трибуналары бар екі жаттығу алаңы, автотұрақ, бақылау-өткізу бекеттері, инженерлік және қосалқы нысандар салынады.
Стадионның сәулеттік тұжырымдамасы Каспийдің інжу-маржаны үлгісінде жасалып, өңірдің табиғи ерекшеліктері мен заманауи шешімдерді өзара үйлестірген.
Өңір басшысы жауапты тұлғаларға құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімдердің қатаң сақталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл спорт кешені пайдалануға берілген соң, Маңғыстауда футболды дамытып қана қоймай, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.