Маңғыстаулық депутаттар Түпқараған ауданындағы балық шаруашылығының әлеуетін тексерді
Маңғыстау облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясы Түпқараған ауданына жасаған көшпелі сапары барысында өңірдегі балық шаруашылығы және өңдеу кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл іс-сапарға облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев пен аудан әкімі Ержан Күмісқалиев бастаған депутаттар мен салалық ведомство өкілдері қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Делегация жұмысын Ақшұқыр ауылындағы «Osseter» ғылыми-өндірістік кәсіпорны мен «Alimer Fish» жеке кәсіпкерлігінің материалдық-техникалық базасын көруден бастады. Одан кейін Қызылөзен ауылында орналасқан «Red Pearl» балық фермасының инвестициялық жобасы мен өндірістік қуаты сараланды.
Ал Форт-Шевченко қаласында «Жангожин Ж.И.» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі құрлықтағы кеме және «Аташ Фиш Пром» ЖШС-ның балық өнімдерін өңдеу цехының жұмысы көпшілікке көрсетілді. Аталған нысандарда өндіріс ауқымын кеңейту және өнімді терең өңдеу мәселелері пысықталды.
Сапар соңында жергілікті кәсіпкерлер өздерін толғандырған түйткілдерді ортаға салып, саланың әлеуетін арттыруға қатысты өз ұсыныстарын білдірді. Өз кезегінде комиссия мүшелері көтерілген мәселелерді тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шешу жолдарын қарастыратындарын жеткізді.