Маңғыстаудағы IT мамандары референдумға қатысады
Өңірлік коалиция мүшелері «IT-компания Mediana» ЖШС еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасына енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулар туралы кеңінен ақпарат берілді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Коалиция өкілдері конституциялық реформалардың негізгі бағыттарына тоқталып, ұсынылып отырған өзгерістердің қоғам дамуы мен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі маңызын түсіндірді. Сондай-ақ, референдум – азаматтардың ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға тікелей қатысуының бір тетігі екені айтылды.
Кездесу барысында еңбек ұжымы өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсынылған бастамалар жөнінде пікір алмасты.
Қазіргі Конституцияның қабылданғанына 30 жылдан асты. Осы уақыт ішінде әлем де, қоғам да айтарлықтай өзгерді. Технологиялар дамып, жаңа деңгейге көтерілді. Мен жаңа Конституция жобасымен танысып шықтым, онда цифрлық деректерге ерекше назар аударылған. Әсіресе, цифрлық деректерді қорғауға қатысты мемлекеттік жауапкершіліктің енгізілуі біз үшін өте маңызды қадам. IT маманы ретінде мен бұл Конституцияны қолдаймын және референдумға қатысамын, – деді «IT-компания Mediana» ЖШС бас директоры Өмірбек Құрбанбаев.