Маңғыстауда 10 жылға жуық аяқ деформациясымен жүрген науқасқа күрделі ота жасалды
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының ортопед-дәрігерлері 1980 жылы туған науқасқа күрделі жоспарлы операция жасап, аяқтағы деформацияны түзетті. Ота МӘМС жүйесі аясында жүргізілді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Аурухананың баспасөз қызметінің жазуынша, науқас 2016 жылы сан сүйегінің төменгі бөлігінің жабық жарақатын алған. Алайда түрлі себептерге байланысты ешбір жерде хирургиялық ем қабылдамаған. Тіпті, кей ауруханалар операция жасаудан бас тартқан. Жарақат салдарынан уақыт өте келе оң жақ аяқ пен тізе буындарында вальгустық деформация пайда болған.
Дәрігерлер науқастың жағдайын жан-жақты тексеріп, сан сүйегінің төменгі үштен бір бөлігінде клиновидты остеотомия операциясын жасау туралы шешім қабылдады. Операцияның негізгі мақсаты — аяқтың анатомиялық осін қалпына келтіріп, буындарға түсетін артық салмақты азайту.
Ортопедия бөлімінің меңгерушісі Бердібек Қаныханның айтуынша, мұндай деформация уақытында емделмесе, буындарға түсетін жүктеме дұрыс бөлінбей, артроз сияқты асқынуларға алып келуі мүмкін.
«Вальгустық деформация кезінде буын беттері бір-бірімен дұрыс жанаспайды. Соның салдарынан буын шеміршектері тез тозып, артроз дамуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда аяқтың осін хирургиялық жолмен түзету — буындарды сақтап қалудың және науқастың қозғалыс белсенділігін жақсартудың тиімді тәсілі», – дейді ортопед дәрігер Бердібек Қаныхан.
Науқас облыстық ауруханада ортопед-дәрігерлердің жоғары деңгейде операция жасайтынын естіп, арнайы қабылдауға жазылды. Консультативті-диагностикалық емханада дәрігерден толыққанды кеңес алғанын айтады.
Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы, еркін жүре алады. Осы орайда емделуші дәрігерлерге алғысын білдіріп, көрсетілген медициналық көмектің сапасына ризашылығын жеткізді.