Линц Гран-приінде Қазақстан балуандары екі жүлде иеленді
Дзюдодан Аустрияның Линц қаласында аяқталған Гран-при турнирінде Маңғыстау облысының балуаны Нұртілек Жантілепұлы жүлдегерлер қатарынан көріне алмады, деп хабарлайды otpannews.kz.
6-8 наурыз күндері аралығында өткен бәсекеге ҚР ұлттық құрамасы толық құрамда қатысқан болатын. Алайда +100 келіде күрескен жерлесіміз алғашқы белдесуінде Сербия балуаны Игорь Вракармен кездесуде осалдық танытты.
Аталған сында ұлттық құрама балуаны Алмат Әділет (-81кг) чемпион атанса, Шерзод Давлатов (-60 кг) қола жүлдеге ие болды. Сонымен бірге, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, әлем біріншілігінің үш дүркін жүлдегері Абиба Әбужақынова, Аман Бақытжан (-60 кг), Ақерке Рамазанова (+78 кг) қола жүлде үшін күресте есе жіберді.
Айта кететін жайт, алда ҚР ұлттық құрамасының балуандары 20-22 наурыз күндері Тбилиси Гранд Слэмінде белдеседі. Олардың қатарында Маңғыстау облысының балуаны Асқар Нарқұлов та (-81 кг) бар.