Қазақстанда балаларды сауықтыру ұйымдарына қатысты жаңашылдықтар енгізіледі
Балаларға арналған сауықтыру ұйымдарының қызметіне енгізілетін жаңашылдықтар туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, 2025 жылдың желтоқсан айында «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған.
«Аталған Заңға сәйкес, 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап кәмелетке толмағандарға білім беру және сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдар лицензиялаудан өтеді. Лицензияның қолданылу мерзімі – 5 жыл», – делінген жауапта.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына бірқатар толықтырулар енгізілмек. Олар мынадай бағыттарды қамтиды:
- білім беру және сауықтыру бағдарламалары;
- педагогикалық персонал;
- материалдық-техникалық жабдықталу;
- санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының болуы;
- балалардың болу жағдайлары;
- тамақтандыруды ұйымдастыру;
- медициналық қызмет көрсету;
- қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Министрдің айтуынша, бұдан бөлек, «Білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына да өзгерістер енгізіледі. Бұл өзгерістер бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, діни білім беру, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға арналған білім беру-сауықтыру қызметтері салаларында электронды лицензиялау жүйесін енгізуді көздейді.
Сондай-ақ, білім беру-сауықтыру бағдарламаларын бекіту қағидалары мен қосымша білім беру ұйымдарының қызметінің үлгілік қағидалары жаңа редакцияда әзірленген.
Бұл құжаттар бағдарламалардың құрылымы мен мазмұнына бірыңғай талаптарды белгілеп, балалардың демалыс орталықтарын лицензиялау үшін негіз болады.