"Наурыз" ипотекалық бағдарламасы басталды
Отбасы банк "Наурыз" бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды бастады. Бағдарламаға өтінім беру 31 наурызға дейін жалғасады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
"Құжаттарыңызды алдын ала дайындап, 10 наурызда өтінім қалдыра аласыз", – деп хабарлады Отбасы банк.
Бағдарлама аясында азаматтар жеңілдетілген мөлшерлемемен баспана ала алады.
Бағдарлама шарттары:
- Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе қандас мәртебесінің болуы;
- Жасы 18-ден 63 жасқа дейін болуы;
- Соңғы бес жылда атында баспанасының болмауы;
- Үміткердің ресми табысы, соңғы алты айдағы зейнетақы жарнасы және «Отбасы банкінде» кемінде 2 млн теңге жинағы болуы;
- Әлеуметтік санаттағы азаматтар үшін мөлшерлеме – 7%, ал қалғандары үшін – 9%. Бастапқы жарна таза әрлеудегі үйге 10%, қарапайым күйдегі пәтерге 20% болады.
- Алматы мен Астанада несие сомасы 36 млн теңгеге дейін, ал басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін беріледі. Несие мерзімі – 19 жыл. Сонымен қатар заем сомасының 50%-ы жинақталғаннан кейін қарыз бойынша мөлшерлеме жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейін төмендеуі мүмкін.
- Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе арқылы жүргізіледі. Мысалы, әлеуметтік осал топ мәртебесі, балалардың болуы, тіркелген неке және қатысушының жасы қосымша балл береді.
Бағдарлама аясында бастапқы нарықтағы пәтерді, сондай-ақ кейбір өңірлерде екінші нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға болады. Сонымен қатар, бір несие аясында сатып алынатын бастапқы тұрғын үйге жөндеу жұмыстарына арналған қаражат та қарастырылған.
Тұрғын үйді таңдау және брондау "Баспана маркет" порталы арқылы жүзеге асырылады.