Маңғыстауда спорттағы дарынды балалар мектебінің ұстаздары құрметке бөленді
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Ұстаздар күніне орай Маңғыстаудағы спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-колледжде мерекелік шара өтті. Жиында білім мен спортты қатар алып жүрген шәкірттерін тәрбиесіне үлес қосқан педагогтерге құрмет көрсетіліп, бірқатары марапатталды. Ал оқушылар ұстаздарына арнап хормен ән шырқады.
Мерекелік кешке Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Тазабаев қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Жаңбырбай Матаев ұстаздардың қоғамдағы орнына тоқталып, олардың еңбегі мен жауапкершілігін атап өтті.
«Алаштың марғасқа ақыны Мағжан Жұмабаев айтқандай: «Алты Алаштың басы қосылса, төр мұғалімдікі». Өмірде өшпес із қалдыратын адамдардың бірегейі — ол ұлағатты ұстаздар. Ұстаз — жай ғана мамандық емес, бұл — ұрпақтың алдындағы аманат, қоғамның алдындағы жауапкершілік, ұлттың болашағының алдындағы үлкен міндет. Ұстазды құрметтеу — ол білімді, болашақты, ұлттың ертеңін құрметтеу», — деді ол.
Кеш барысында мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 22 жылдан астам еңбек өтілі бар Лаура Көшербаева да ұстаздық жолдың ерекшелігі туралы ой бөлісті. Жақында оқу ісі жөніндегі басшы орынбасары қызметіне тағайындалған педагог бұл мамандықты жүрек қалауымен таңдағанын жеткізді.
«Ұстаз болу — жүрекке жылылық ұялататын ерекше жол. Менің анам да, атам да ұстаз болған. Осы мектепте спорттағы дарынды балалармен жұмыс істеп келеміз. Оқушылардың көңіл-күйі, олардың ыстық ықыласы кез келген қиындықты ұмыттырады. Ұстаздық ету — шәкіртке білім беріп қана қоймай, оны адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу», - деді Лаура Көшербаева.
Мерекелік шараның ерекше сәттерінің бірі спортшы оқушылардың мұғалімдерге арнаған әні болды. Шәкірттер сахнаға шығып, сүйікті ұстаздарына хормен ән шырқады.
Сондай-ақ жиында өңірдің білім беру және спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген педагогтер мен қызметкерлерге марапат табысталды.
Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хатына бес қызметкер ие болды. Олардың қатарында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Клара Мереева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі оқу ісі жөніндегі басшы орынбасары Лаура Көшербаева, биология пәнінің мұғалімдері Қамқа Дүйсенбаева мен Гүлнұр Байғабылова және жатақхана меңгерушісі Құралай Абдашова бар.
Ал Маңғыстау облыстық мәслихатының алғыс хатымен үш педагог марапатталды. Атап айтқанда, тәрбие ісі жөніндегі басшы орынбасары Ақмарал Көкекбаева, математика пәнінің мұғалімі Ардақ Тілекбаева және химия пәнінің мұғалімі Гүлмира Матаева құрметке бөленді.
Ұстаздарға алғыс айтылып, ән мен ізгі тілектерге ұласқан мерекелік кеш естелік суретке түсумен аяқталды.