Ақтауда «AUYL SPORT» жобасы аясындағы өңірлік турнир басталды
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ - Ақтаудағы «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде ауыл жастары арасында спортты дамытуға бағытталған «AUYL SPORT» жобасы аясындағы өңірлік жарыстың ашылуы өтті.
Турнирде жас спортшылар екі күн бойы сегіз спорт түрінен өзара мықтыны анықтайды.
Турнирдің ашылуына «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Сейдахмет Нұрлыбек, «Халық» қайырымдылық қорының жоба менеджері Мейірхан Жанкелдіұлы, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, «Әділет» партиясы Ақтау қалалық филиалының төрағасы Марат Абзал қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғары жетістіктер спорты бөлімінің басшысы Сұңғат Жұбатқан ауыл жастары үшін мұндай спорттық жарыстардың маңызы зор екенін атап өтті.
«Ауыл ойындары – ауыл жастарын спортқа тартуға, олардың қабілетін шыңдауға мүмкіндік беретін маңызды жарыс. Биылғы додаға Маңғыстау облысының әр түкпірінен спортшылар қатысып отыр. Жарыста жеңімпаз атанған спортшылар қараша айында Астана қаласында өтетін республикалық финалға жолдама алады. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Жарыс таза әрі әділ өтіп, спортшыларымыз жарақатсыз өнер көрсетсін», – деді Сұңғат Жұбатқан.
Ол сондай-ақ бүгінде олимпиадалық, ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін қатар дамытуға басымдық беріліп отырғанын айтып, мұның елдегі спортқа деген қолдаудың артып келе жатқанын көрсететінін жеткізді.
Өз кезегінде Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, «Әділет» партиясы Ақтау қалалық филиалының төрағасы Абзал Марат жарысқа қатысушыларды құттықтап, ауыл жастарын спортқа тартудың маңыздылығына тоқталды.
«Ауыл жастарын спортқа, мәдениетке және қоғамдық өмірге тарту – маңызды бағыттардың бірі. Спорт – бұқаралық дене шынықтыруды дамытудың ғана емес, жастардың дені сау, белсенді болып қалыптасуының да негізі. Осындай шаралардың ұйымдастырылуы ауыл жастарына өз қабілетін танытып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Басты мақсат – тек жеңіске жету емес, жарысқа қатысып, өзіңді сынау, жаңа тәжірибе жинау және алға ұмтылу», – деді Марат Абзал.
«AUYL SPORT» жобасы – «Халық» қайырымдылық қорының бастамасымен ауылдық жерлердегі спортқа қызығушылығы бар балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында қолға алынған ауқымды жоба. Жоба аясында ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау, олардың қабілетін дамыту және республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысуына мүмкіндік беру көзделген.