Ақтауда Каспий маңы елдерінің ынтымақтастығына арналған халықаралық форум өтті
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Ақтауда Yessenov University базасында өткен «Каспий маңы макроөңірі: Әзербайжан мен Қазақстанның саяси әріптестік архитектурасы» халықаралық форумына Түркия, Түрікменстан, Иран және Өзбекстанның Бас консулдары, шетелдік сарапшылар, дипломаттар мен студенттер қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – өңірлік интеграцияның құқықтық негіздерін, көліктік және қоғамдық дипломатияның халықтар арасындағы байланысты нығайтудағы рөлін талқылауға арналған сараптамалық алаң қалыптастыру.
Жиында сөз сөйлеген Yessenov University ректорының міндетін атқарушы Ермек Нұрмағанбет Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан үшін аймақтық тұрақтылық пен стратегиялық әріптестік – басты басымдықтардың бірі. Біздің бүгінгі кездесуіміз осы ұстанымдарды нақты істермен жүзеге асыруға бағытталған. Каспий теңізі ешқашан бөліп тұратын кедергі емес, Қазақстан мен Әзербайжанды тарихи байланыстыратын достық көпірі болды», – деді ол.
Ал «Әзербайжан орталығы» қоғамдық қорының директоры Илкин Оруджев Каспий маңы елдері арасындағы тарихи байланыстар мен өңірлік ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.
«Каспий теңізі ежелден халқымызды бөліп-жарған жоқ, керісінше, оларды біріктіріп келді. Бүгінде ол бірегей су айдыны ғана емес, Еуразиядағы маңызды геосаяси торапқа айналды. Соңғы жылдары Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас стратегиялық одақтастықтың бұрын-соңды болмаған деңгейіне көтерілді», – деді Илкин Оруджев.
Форум барысында панельдік сессиялар ұйымдастырылып, транзиттік-көліктік әлеуетті арттыру, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту және мемлекеттер арасындағы өзара сенімді нығайту мәселелері талқыланды.