Арал мен Каспий мәселесі: Ақтаулық оқушы Халықаралық экологиялық саммитте баяндама жасайды
Елордада әлемнің 50 елінен жиналған сарапшылар мен белсенділердің қатысуымен өтіп жатқан Өңірлік Экологиялық Саммитте (RES - 2026) Маңғыстау өңірінің өзекті мәселелері халықаралық деңгейде көтеріледі. Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы, «Эколидер» волонтерлік клубының белсендісі Көркемай Сейілхан Қазақстандағы UNICEF ұйымының арнайы шақыртуымен осы айтулы жиынға қатысып, жаһандық мінберде баяндама жасайды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Жас белсенді өз сөзінде аймақтағы су тапшылығы мен Каспий теңізінің экологиялық жағдайын ғылыми тұрғыдан негіздеп, жергілікті халықтың атынан маңызды бастамаларды ортаға салады.
Биылғы экологиялық саммиттің күн тәртібінде ауаны тазарту, жаңартылатын энергия үлесін арттыру және Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару сияқты стратегиялық тақырыптар талқыланып жатыр. Бұл мәселелер тек Каспий теңізінің тартылуымен ғана емес, Арал теңізі секілді жаһандық деңгейдегі экологиялық апат аймақтарының болашағымен де тікелей байланысты.
- UNICEF Kazakhstanның әлемдік деңгейде маңызы бар шараға қатысуға мүмкіндік бергеніне шексіз қуанамын. Біздің «Эколидер» клубымызда жүзеге асып жатқан «Каспий – менің теңізім» қоғамдық бастамасы су тапшылығы мәселесінің шешімін табуға бағытталған. Мен осы жоба аясында көтерілген мәселелер мен нақты шешу жолдарын халықаралық деңгейде талқылауға мүмкіндік алғанымды мәртебе тұтамын, - деді Көркемай Сейілхан.
Маңғыстау облысындағы су тапшылығының куәгері ретінде Көркемай осы түйткілді мәселенің әлеуметтік және экологиялық зардаптарын ашып көрсетеді. Оның баяндамасы Орталық Азиядағы ортақ экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған секцияның ең өзекті бөлігіне айналды.
Айта кетейік, Көркемай мүшелік ететін «Эколидер» клубы мектептің химия пәні мұғалімі Бақытгүл Жақсылыкованың жетекшілігімен құрылып, бүгінде 311 NIS еріктісінің басын қосып отыр. Клуб мүшелері өңірде жүйелі түрде экологиялық акциялар мен ғылыми-тәжірибелік зерттеулер жүргізіп, қоршаған ортаны қорғауға белсенді үлес қосып келеді.
“Осындай жастардың халықаралық аренада бой көрсетуі – Қазақстанның экологиялық мәдениетін дамытудағы маңызды қадам болмақ”,- дейді NIS Aktau ұжымы.