Маңғыстауда ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа жобалар іске қосылды
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларына сәйкес Маңғыстау облысында аграрлық секторды дамыту және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқын алып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты негізгі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі сырттан жеткізіледі. Бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу мақсатында бірқатар маңызды жоба қолға алынды. Соның бірі – биыл пайдалануға берілген сыйымдылығы 22 мың тонна болатын заманауи көкөніс сақтау қоймасы.
Жаңа қойманың іске қосылуы маусымаралық кезеңде өнімді сақтауға, ішкі нарықты көкөніспен тұрақты қамтуға және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосады, - деп хабарлады басқарма өкілдері.
Сонымен қатар Түпқараған ауданының «Саура» жерінде, «Қызылсығыра» маңында «Қарағантүбек» ЖШС-нің түйе сауын цехы ашылды. Жобаның жалпы құны 600 млн теңге. Кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 400 тонна сүт өндіруге жетеді. Цехтың басты ерекшелігі - түйе сүтін толықтай автоматтандырылған жүйеде сауу технологиясының енгізілуі.
Айта кетейік, жоба өңірде түйе шаруашылығын дамытып, жергілікті сүт өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын қалыптастырып, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.