Otpan News Logo

Маңғыстауда «Адал білім – адал ұрпақ» өңірлік форумы өтті

Маңғыстауда «Адал білім – адал ұрпақ» өңірлік форумы өтті

Ақтауда «Адал білім – адал ұрпақ» атты өңірлік форум өтті. Іс-шара барысында білім алушылар арасында адалдық қағидаттарын насихаттау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды otpannews.kz. 


Форумның мақсаты – білім беру саласында адалдық мәдениетін қалыптастыру, әділдік қағидаларын нығайту және құқықбұзушылықтардың алдын алу.


Жиынға облыс бойынша 100 педагог, аудан-қала білім бөлімдерінің басшылары, Ақтау мен Мұнайлы аудандарының мектеп директорлары, колледж басшылары қатысты. Қатысушылар отбасының жауапты әрі адал ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін талқылап, «Адал білім, адал ұрпақ» бастамаларын жүзеге асырудағы тәжірибесімен бөлісті.


Маңғыстау облысы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы форумның өткізілуі Дүниежүзілік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылғанын атап өтті.


Маңғыстау облысында Агенттіктің департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және антикоррупциялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Агенттік елімізде антикоррупциялық стратегияны жүзеге асырып, барлық өңірде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасап, оларды жою бойынша шара қабылдайды. Бүгінгі форум білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналды. Республика деңгейінде академиялық адалдық қағидаты енгізілді. Ол сапалы білім беруді және әділ азамат тәрбиелеуді мақсат етеді. Академиялық адалдық — білім беру ұйымдарының қызметіндегі негізгі бағыттардың бірі, — деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов.


Сондай-ақ форумда қатысушылар цифрлық дәуір жағдайында этика мен құндылық тәрбиесінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Спикерлердің айтуынша, технологиялық даму адамгершілік қағидалармен қатар жүруі тиіс, себебі бұл жас ұрпаққа адалдық пен жауапкершілік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.


Биыл енгізілген тәжірибелер сапалы білімнің негізінде жатқан қағидалардың маңызын көрсетіп отыр. Қаңтарда ашылуға дайындалып жатқан біздің мектеп осы принциптерді даму стратегиясына енгізуге басымдық береді. Негізгі бағыттардың бірі — академиялық адалдықты оқушылар, ұстаздар және ата-аналар арасында арттыру. Бұған дейін біз «Әділ және адал мектеп» жобасын сәтті жүзеге асырдық. Бұл тәжірибе академиялық адалдықты қалыптастыруда жүйелі жұмыстың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Оқушыларға жасанды интеллект білім алуға көмектесетін құрал ғана екенін, ол академиялық білімнің орнын баспайтынын түсіндіру маңызды, — деді №35 орта мектептің директоры Любовь Нам.
64
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!