Маңғыстауда 160 МВт бу-газ қондырғысы салынады

Ақтау қаласында қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу жобасы жүргізіліп жатыр. Жоба «China Huadian Overseas Investment Co LTD» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов аталған компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Цю Тяньгеньмен кездесіп, жобаның іске асырылу барысын және өңірге инвестиция тарту мәселелерін талқылады.
Қазіргі таңда жоба бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, мердігер анықталып, қосалқы жабдықтардың бір бөлігі сатып алынды. Магистральдық газ құбырына қосылу жобасы 85 пайызға орындалып, электр желілері мен санитарлық-өнеркәсіптік инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов жоба өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруда ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Бұл станцияның іске қосылуы Маңғыстау облысы үшін стратегиялық қадам болмақ. Біз оның тиімді әрі мерзімінде жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетеміз, – деді Ербол Ізбергенов.
