Қытай шекарасынан Каспийге дейін жүктерді жеткізу уақыты қысқарады
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және елдің транзиттік әлеуетін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Үкіметтің мәліметінше, биыл жалпы ұзындығы 475 шақырым болатын екі теміржол желісінің құрылысын және 2,9 мың шақырым жолды жаңғырту жұмыстары аяқталады. Бұл транзиттік тасымал көлемін 60%-ға ұлғайтуға, ал транзиттік контейнерлік пойыздардың жылдамдығын сағатына 50 шақырымға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Қытай шекарасынан Каспийге дейін жүктерді жеткізу уақыты осы жылдың соңына қарай 84 сағаттан 55 сағатқа дейін қысқарады.
Сондай-ақ Олжас Бектенов 11 мың шақырым автомобиль жолын салу мен реконструкциялау жұмыстары жүзеге асатынын атап өтті.
Бұл ретте транзиттік әлеуеттің серпінді дамуын тежейтін бірқатар факторлар белгіленген. Солардың бірі теміржол инфрақұрылымдарының тозуының жоғары деңгейі болып қалып отыр. Осыған байланысты магистральдық теміржол желісін жаңғырту жөніндегі кешенді бағдарламаны жүзеге асыру Үкіметтің тұрақты бақылауында.
Бұдан бөлек, авиация саласын, оның ішінде инфрақұрылымды қоса алғанда, дамытуға назар аударылды.
Сондай-ақ Президент тапсырмасы бойынша авиаотынның нарықтық бағасын қалыптастыру үшін жағдай жасалды. Нәтижесінде авиациялық отынның бағасы $1,2 мыңнан шамамен $950-ге дейін төмендеді. Бұл шетелдік авиакомпаниялар үшін Қазақстанның әуе кеңістігінің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.