Құрық-Жетібай тас жолы күрделі жөндеуден өтті
Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы екі ірі ауылды жалғайтын республикалық маңыздағы Құрық–Жетібай трассасының жаңғырту жұмысы аяқталды, деп хабарлайды otpannews.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Құрық-Жетібай трассасын қалпына келтіру жұмыстары 2021 жылы басталды. Алдымен 24 шақырымына асфальт төселді. Қалған 40 шақырымындағы құрылыс жақында аяқталып, Құрық пен Жетібай ауылдары арасындағы қоғамдық көлік қатынасы жанданды. Сондай-ақ бұрын жүк көліктері Құрық портына Ақтау арқылы барса, енді теңіз айлағына Жетібай ауылынан тіке шығып, 120 шақырым үнемдейді.
Жоба құрылысына республика бюджетінен 11,5 млрд теңге жұмсалды. Толық жөндеуден соң трассаның көрсеткіші 8 тоннадан 13 тоннаға дейін ұлғайды. Жол бойы жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолағы мен теміржол өткелі салынды. Жолға мал шығып кетпеуі үшін 27 шақырым аумақта қоршау қойылды.
Құрық-Жетібай трассасы халықаралық көлік дәлізінің маңызды бөлігі. Өзбекстан, Ресейден келетін транзиттік жүктер осы жолмен Құрық портына келеді. Одан әрі Әзірбайжан арқылы Еуропаға жөнелтіледі.