Ақтауда волонтерлік құндылықтарды насихаттайтын кеш өтті
Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен өңірде волонтерлерге арналған Volunteer Talks атты мотивациялық кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Кештің негізгі мақсаты – қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүрген жандардың жұмысын насихаттау және олардың бастамаларын кеңінен таныту. Іс-шара барысында қатысушылар волонтерлік жолдағы тәжірибелерімен бөлісті.
Қонақтар шабыт беретін әңгімелер тыңдап, жақсылық жасаудың адам өміріндегі орны мен пайдасы жайлы пікір алмасты. Спикер ретінде шақырылған Наурызбек Бағдатов пен Юсуы Кисбаев волонтерлік арқылы адам жаңа ортамен танысып, рухани қуат алатынын атап өтті.
Кештің ерекше сәті – қатысушылар үшін арнайы ұйымдастырылған тосын сый болды. Ұйымдастырушылар тарапынан “Rixos Water World” қонақ үйіне екі адамдық жолдаманы табысталды.
Біз «Волонтерлік саған не үшін қажет?» деген тақырыпта әлеуметтік желіде конкурс өткіздік. Осы тақырыпта жазба қалдырған волонтерлер арасынан 2 жеңімпаз таңдалды. Негізгі қатысушылар саны - 15 адам. Өз ойымен бөлісіп, жарысқа қатысқан волонтерлар арасынан екі қатысушының жазбасы ерекше назарға ілінді,- деді ұйымдастырушылар.
Жарыс жеңімпаздары 15 жасар Рамазан Нұрберген мен ерекше балалардың анасы Фариза Аспамбетова болды.
Рамазан – есту қабілетінде қиындық болса да, өз белсенділігімен және еңбекқорлығымен көпшілікке үлгі болып жүрген жан. Волонтерлік жолын «Мейірімді әлем» фестивалінен бастаған жасөспірім анасымен бірге түрлі игі жобаларға қатысып жүр. Ал Фариза Аспамбетова Фариза – ерекше балалардың анасы. Ол 2018 жылдан бері волонтерлікпен айналысады. Оның алғашқы қадамы ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға көмектесуден басталған. Қазір ол өз тәжірибесімен бөлісіп, талай ата-аналарға қолдау көрсетіп келеді.
Бұл жолдама – олардың қоғамға қосқан үлесін мойындаудың бір көрсеткіші. Volunteer Talks кеші волонтерліктің құндылығын тағы бір мәрте дәлелдеді,- дейді кездесу ұйымдастырушылары.