Ақтауда кәсіпкерлік нысандар Тәуелсіздік күні мерекесіне орай безендірілді
Ақтау қаласында 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай патриоттық бағыттағы арнайы челлендж жүріп жатыр. Аталған бастама аясында қала аумағындағы ірі кәсіпкерлік нысандар мемлекеттік рәміздермен безендірілді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ақтау қаласы әкімдігінің хабарлауынша, іс-шараның басты мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарының бойында тәуелсіз елге деген мақтаныш сезімін қалыптастыру, отанға деген құрметті арттыру, сондай-ақ шаһарда мерекелік атмосфера мен патриоттық рухты нығайту.
Мерекелік безендіру жұмыстарына бірқатар сауда орталығы мен супермаркет белсенді атсалысып, Мемлекеттік тудың бейнелері, шарлар мен арнайы композициялар арқылы қала көркін айшықтады.
- Бұл бастама кәсіпкерлердің елдік құндылықтарға деген жауапкершілігін көрсетеді. Келе жатқан Тәуелсіздік мерекесі баршаңызға құтты болсын, – деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Дінмұхаммед Комеков.