Ескі ғимараттан заманауи клиникаға дейін: Тәуелсіздік жылдарында облыстық онкологиялық диспансер қалай өзгерді
Кезінде қалалық мәйітхананың маңындағы барақ үлгісіндегі ғимаратта орналасқан бұл медициналық мекемені жұрт «Барсакелмес» деп атап кеткен еді (авт. ескертпесі: Арал теңізіндегі алапес ауруына шалдыққандар жіберілген арал – ол жаққа барған адам қайта оралмайтын). Ал бүгінде бұл – заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған, ондаған білікті маман еңбек ететін еңселі ғимарат. Otpannews.kz тілшісі Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында аурухана қандай жолдан өткенін біліп келді.
Ақтаулықтар тағдырдың тәлкегімен қалалық мәйітхана мен облыстық мешіттің ортасында орналасқан бір қабатты ескі ғимаратты жақсы естерінде сақтаған болар. Тар дәліздер, ескірген құрал-жабдықтар, көлемі 2×3 метрлік шағын кабинеттер, бар болғаны 8 дәрігер, олардың басым бөлігі зейнет жасына таяған. Мұнда емделу түгілі, тексерілудің өзі қорқынышты еді.
«Біз өте ауыр әрі ұзақ жолдан өттік. Мен оны әрдайым театрмен салыстырамын. Көрермен спектакльге келгенде дайын нәтижені көреді, ал әр қойылымның артында қаншама еңбек тұрады. Бізде де солай – диспансерді әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар бағдарламасына енгізу үшін талай қиындықтан өттік, бірақ үкіметке жаңа диспансер салудың қажеттігін дәлелдей алдық», – дейді ШЖҚ МКК «Облыстық онкологиялық диспансер» директоры Нұрлан Жариев.
Ғимараттың құрылысы 2009 жылы басталғанымен, артынан дағдарыс келіп, нысан ұзаққа созылған құрылысқа айналды. Ол тек 10 жылдан астам уақыт өткен соң ғана аяқталды. Жаңа диспансер ғимараты демеушілердің қаражатына салынды, құрал-жабдықтар да сол қаржыға алынды. Облыстық онкологиялық диспансер құрылысы толық аяқталмай тұрып-ақ жұмысын бастап кетті – 2020 жылы пандемия кезінде мұнда облыстық ауруханадан науқастар көшірілді, сол кезде диспансердің бірнеше бөлімшесі сол жерде орналасқан еді.
«Ол кезде диспансердің 147 миллион теңге қарызы болды, ал ақылы қызметтен 7 миллион теңге де таба алмайтынбыз. Бұл тығырықтан шығу керек болды. Мамандар іздей бастадық, бірақ бәрі біздің “барақты” көріп, жұмыс істеуден бас тартатын. Тіпті өз операциялық бөлмеміз де болмады – МОБ-тың алтыншы қабатындағы операциялықты жалдап отырдық, ал ол жердің төбесінен су ағатын. Қаражат тауып, жақсы операциялық залдарды жалдадық, дәрігерлеріміз қалыпты жағдайда ота жасай бастады. Елдің бас онкологы Диляра Қайдарованың көмегімен 2016 жылы өз зертханамыздың ашылуына қол жеткіздік. Ол кезде Диляра Қайдарова Шығыс Қазақстанда іссапарда еді, қоңырау шалып, көмектің шұғыл қажет екенін айттым, сол түні-ақ ұшып келді. Таңертең облыс әкімдігіне кіріп, қолдау таптық, зертханаға 93 миллион теңге бөлінді. Біз бір жағынан “локомотив” болдық – бізден кейін тағы төрт өңірде осындай зертханалар ашылды», – деп еске алады Нұрлан Жариев.
Ақтауда зертхана ашылғанға дейін онкодиспансер науқастарының талдаулары басқа облыстарға жіберілетін. Қорытындыны кейде 45–50 күнге дейін күтуге тура келетін. Көптеген науқастар диагнозды күтпей-ақ көз жұмды. Сол жылдары облыс орталығынан жыл сайын 2300-ге дейін адам емделу үшін басқа өңірлерге кететін. Ал 2018 жылы бетбұрыс кезеңі туды – ол кезде диспансерде 16 дәрігер жұмыс істеп, түрлі бөлімшелер, соның ішінде паллиативтік бөлім де ашыла бастады.
«Алғашқы жылы барынша күш салып, ішкі резервтермен жұмыс істедік. Кейін бұлай жалғаса бермейтінін түсіндік. Резидент-студенттерді іздей бастадық, университеттерді өзім аралап шықтым – олардың оқу ақысын төледік, жалдамалы баспана бердік. 2019 жылы даму динамикасы бойынша республикада бірінші орынға шықтық. Ешкім сенбеді – “барақта” отырып қалайша күрт өсуге болады деп. Ұжымға бәрі өзімізге байланысты екенін айттым – жаңа ғимарат салына ма, лайықты жағдайда жұмыс істей аламыз ба – бәрі біздің еңбегімізге тірелді. Біз онкология мәселесінің өте өзекті екенін дәлелдедік. Ол кезде бірінші сатыда анықталатын науқастар 7–8 пайыз ғана болса, қазір республикалық көрсеткіштен де асып түстік – 30–32 пайыз, яғни әр үшінші науқас алғашқы сатыда анықталады. Бұл – сауығуға үлкен мүмкіндік. Скрининг жұмыстары жолға қойылды, емханалар үлкен көмек көрсетті. Өлім-жітім де азая бастады. Бұрын ол 61–62 пайыз болса, қазір 30 пайыз. Мен бұл істі бастаған адамдардың еңбегін жалғастырып, аяқтағаныма қуаныштымын. Бұл оңай болған жоқ. Елдің бас онкологының да еңбегі орасан. Жаңа жабдық мәселесі туындағанда, ескісі әбден тозған еді, біз оны қорғап қалу үшін Алматыға барып, дәлелдедік, мамандарды, техникалық сарапшыларды жинадық. Нәтижесінде қаржы бөлінді, демеушілер көмектесті», – дейді облыстық онкодиспансер директоры Нұрлан Жариев.
Диспансер ғимаратын 2020 жылы аяқтау жоспарланғанымен, пандемия кедергі келтірді. Нәтижесінде заманауи онкологиялық диспансер толық қуатында тек 2022 жылы ғана жұмысын бастады.
«Мен әрдайым ғимарат бірінші емес, ең бастысы – адамдар, осы жерде жұмыс істейтін мамандар деп айтамын. Қазір бізде 260-тан астам қызметкер бар, оның ішінде 60-тан астам дәрігер, ғылым докторлары да бар. Барлық диагностикалық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілдік. Бұрынғыдай дәрігерлеріміз науқастарды басқа ауруханаларға жібермейді. Жақында ерте диагностика орталығы да ашылды. ПЭТ/КТ қондырғысын орнату үшін де күресуге тура келді – кейбіреулер Маңғыстау үшін қажет емес, экономикалық тұрғыдан тиімсіз деді. Ал қазір Германиядан келген дәрігерлердің өзі біздің жабдықталуымызға таңғалады. Өлім-жітімді азайту бойынша жүргізген жұмысымыз министрлікте айтылып, оны бүкіл Қазақстан бойынша енгізу ұсынылды», – дейді Нұрлан Жариев.
Орта есеппен айына бір рет облыстық диспансерде Ашық есік күндері өткізіледі. Егер бірнеше жыл бұрын оған он шақты адам ғана келсе, қазір кемінде 100 адам қатысады.
«Үлкен жұмыс атқарылды: әлеуметтік желілерде ақпарат тараттық, телеарналарда шықтық, дәрігерлеріміз тексерілу мен ерте диагностиканың маңызын, қатерлі ісік – үкім емес екенін түсіндірді. Алдымен таныстар келді, кейін ауызша ақпарат тарады, енді адамдар өздері келіп, тегін тексеруден өтуде. Әйелдерімізді ерекше мақтан тұтамын – Ашық есік күніне келетіндердің 95 пайыздан астамы әйелдер. Ер адамдарда әлі де “түйеқұс саясаты” бар, бірақ олар да тексерілудің қажет екенін түсіне бастады», – деп қосты онкодиспансер директоры Нұрлан Жариев.
Жалпы цифрландыру енгізілмей тұрып-ақ, онкодиспансерде ауруханалық ақпараттық жүйе іске қосылған еді. Есеп-қисап өте қатаң жүргізіліп, соның арқасында алғашқы жылдың өзінде 40 миллион теңгеге дейін үнемделді. Кейін жаңа бағдарламалар енгізіліп, аурухана жұмысы едәуір жеңілдеді. 2017 жылдан бері облыстық онкодиспансердің несие қарызы жоқ. Ал жабдықталу деңгейі бойынша Ақтаудағы диспансер (және Қазақстандағы өзге онкологиялық клиникалар) бүгінде шетелдік клиникалармен де бәсекелесе алады.