Otpan News Logo

Тәуелсіздіктің «тұңғышы»: Мұнайлы ауданының құрылу және қалыптасу тарихы

Тәуелсіздіктің «тұңғышы»: Мұнайлы ауданының құрылу және қалыптасу тарихы

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары елімізде әкімшілік-аумақтық өзгерістер көп болды. Алайда, ел тарихындағы алғашқы құрылған аудан Мұнайлы ауданы екенін бірі білсе, бірі білмес. 2007 жылы құрылған бұл ауданның тарихы елге оралған қандастардың тағдырымен, сол кездегі қиын әлеуметтік ахуалмен және аймақ басшыларының ерік-жігерімен тығыз байланысты. Otpannews.kz тілшісіне ауданның іргетасы қаланған сәтке куә болған Мұнайлы аудандық мәслихатының алғашқы хатшысы Бердібек Назар тарихи кезеңді баяндап берді. 


2000 жылдардың басында Маңғыстау өңіріне тарихи отанына оралған қандастар легі күрт көбейді. Көші-қонның негізгі ауыртпалығы қазіргі Мұнайлы аумағына түсті. Ол кезде бұл жерлер Ақтау қаласының қарауындағы елді мекендер саналатын. Инфрақұрылым жоқ, жағдай тым мүшкіл еді.


«Ол жерде ешқандай жағдай болған жоқ. Әлеуметтік ахуалдың тым қиындап кеткеніне өзім куәмін. Жарық, жылу, су тапшылығы сезілді. Қыстың көзі қырауда отын таппай, қолға түскен кез келген нәрсені жағып күнелткен халықтың жағдайы адам аярлықтай еді. Халық саны күн санап артып жатты, ал қала бюджетіне қарап отырған елді мекендердің өз қаржысы болмағандықтан, мәселе шешілмеді. Жаңа аудан құру – уақыт талабынан туындаған қажеттілік болды», – дейді Бердібек Назар.


Ауданның құрылуына сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың сіңірген еңбегі зор болса керек. Ауданның алғашқы хатшысы Бердібек Назардың айтуынша, облыс басшысы тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, халықтың ауыр тұрмысын фотосуретке түсіріп, арнайы альбом жасатқан. Соны тікелей Президентке көрсетіп, жаңа аудан ашу керек екенін, оның өзін-өзі асырайтын жеке бюджеті болуы тиіс екенін дәлелдеп шыққан.


Ал құжаттандыру жұмыстарының машақаты өз алдына бір төбе болған екен.


«Ауданның құжаттарын дайындау сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Серікбай Тұрымовқа жүктелді. Қателеспесем, сол кісі құжаттарды реттеу үшін Астанаға 97 рет сапар шекті. Облыс басшыларының тынымсыз еңбегінің арқасында 2007 жылы Мұнайлы ауданы картада ресми түрде пайда болды. Бастапқыда халық саны 43 мың болса, бюджет 3,5-4 млрд теңге көлемінде бекітілді. Кейін 5-6 млрд теңгеге дейін жетті. Қаражат негізінен әлеуметтік салаға, халықтың тұрмысын жақсартуға жұмсалды», – дейді Бердібек Назар.


Алғашқы жылы аудан аумағында (Баянды, Маңғышлақ, Қызылтөбе, Дәулет) бар-жоғы 4 мектеп қана жұмыс істеп тұрған еді. Арада өткен 17 жыл ішінде аудан адам танымас¬тай өзгерді.


«Аудан бөлінген жылы Маңғыстау ауылында бір мектеп ашылды. Содан бері білім ошақтарының саны 20-ға жуықтады. Балабақшалар көбейді. Халық саны 200 мыңнан асты. Ауыл іштеріне асфальт төселіп, кәсіпкерлік нысандары қаптап ашылды. Қазір аудан өзін-өзі толық асырай алатын деңгейге жетті. Қырымбек Көшербаевтың сол кездегі бастамасы мен еңбегі толық ақталды», – дейді мәслихаттың бұрынғы төрағасы.


Аудан тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – Батыр ауылының құрылуы. 2009 жылы қазығы қағылған елді мекеннің атауын абыз жазушы Әбіш Кекілбаевтың өзі қойған екен. Бүгінде бұл ауыл ауданның ең көрнекті елді мекендерінің қатарында.


Ауданның қалыптасуына куәгер болған Бердібек Назардың өмір жолы да өнегелі. Ұлағатты ұстаз қазіргі Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға сабақ берген.


Ол 2000–2004 жылдары Мұнайлыдағы қазіргі №1 мектептің директоры, кейін Баянды ауылының әкімі қызметтерін атқарған. 2007 жылы жаңадан құрылған аудандық мәслихаттың хатшысы болып сайланып, төрт шақырылым бойы (2021 жылға дейін) депутаттарды басқарды.


«Бүгінде Мұнайлы – тек Маңғыстаудың ғана емес, республиканың демографиялық және экономикалық даму қарқыны ең жоғары аудандарының бірі. Бұл – қиын сәтте қабылданған дұрыс шешім мен елдік мүдде жолындағы еңбектің жемісі деп білемін», - деді Бердібек Назар.


Тәуелсіздіктің тұңғышы атанған ауданның басқару тізгінін әр жылдары білікті азаматтар ұстады. Алғашқы әкім Оспан Қазақбаевтан (2007–2010) бастап, Елубай Әбілов (2010–2015), Нұрлан Тәжібаев (2015–2018), Рахат Елтизаров (2018–2022) және Ержан Күмісқалиев (2022–2024) сынды басшылар ауданның дамуына сүбелі үлес қосты. 2024 жылдан бастап бұл жауапты қызметті Қанат Құлжанов атқарып жатыр.

87
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!