Otpan News Logo

Ақтауда ақын Қайырбек Лұқпанды еске алу кеші өтті

|
15.10.2026 14:47
Ақтауда ақын Қайырбек Лұқпанды еске алу кеші өтті

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ - Ақтауда Қ.Сыдиықов атындағы облыстық кітапханада ақын, журналист, мұнайшы, мемлекет және қоғам қайраткері Қайырбек Лұқпанның өмірі мен шығармашылығына арналған «Жүрек сыры жазылған өмір-дастан» атты еске алу кеші өтті. 


Тағылымды шарада тұлғаның елге сіңірген еңбегі, журналистика мен әдебиетке қосқан үлесі, Маңғыстау мен Атырау өңірлерінің дамуына атсалысқан қызметі сөз болды. Кешке қатысушылар Қайырбек Лұқпанның азаматтық болмысы мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесін еске алды. 


«Шағырай» қоғамдық қорының директоры Ерғали Жақсылықовтың айтуынша, еске алу кешінің басты мақсаты – тұлғаның өмір жолын кейінгі буынға танытып, өнегесін насихаттауға бағытталған. 


«Елге қызмет етіп, өңірдің дамуына үлес қосқан ерекше азаматтың өмір жолын кейінгі ұрпақ білсін, түсінсін, үлгі алсын деген ниетпен бас қосып отырмыз. Ағамыздың рухы риза болсын», - деді Ерғали Тәжіұлы.


Кеш барысында Қайырбек Лұқпанмен ұзақ жылдар араласып, бірге қызмет еткен Маңдайлы Қосымбай оның азаматтық болмысы мен адамгершілік қасиеттерін еске алды. Оның айтуынша, Қайырбек Лұқпан қай ортада жүрсе де, айналасына қамқор болып, адамдармен етене араласа білген.


«Біздің жастық шағымыз Ақтауда өтті. Кейін Алматыда бірге оқыдық. Қайырбек инженерлік мамандықты политехникалық институтта меңгергенімен, журналистика саласына да жақын болды. Өте белсенді, бауырмал, ақкөңіл азамат еді. Студент кезінен-ақ айналасындағы адамдарға жанашырлық танытып, қолынан келген көмегін аямайтын. Ұлтына қарамай, барлығымен бірдей ашық сөйлесіп, «бауырым» деп жақын тартатын. Кейін қоғамдық бақылау саласында, мемлекеттік қызметте еңбек етті. Ал журналистикада тәуелсіз басылымдарда мақалаларымен көрініп, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді. Қызмет бабымен ресми баспасөзде де пікірін білдіріп, телехабарларға қатысып жүрді. Ол жастық жігерін елге қызмет етуге арнаған азамат еді», – деді Маңдайлы Қосымбай.


Көрнекті жазушы, журналист, қоғам қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин Қайырбек Лұқпанның ақындық қырына, әдеби ортадағы белсенділігіне және шығармашылық мұраны жинақтауға қосқан үлесіне тоқталды. Оның сөзінше, Қайырбек студент кезінен-ақ өлеңге құштар болып, қазақ жастарын әдебиетке баулуға күш салған.


«Қайырбекпен алғаш танысқан кезден бастап оның аңқылдаған ақ көңіліне, адалдығына тәнті болдым. Ол кезінде мықты ақын болды. Қазақ политехникалық институтында оқып жүргенде әдеби үйірмені басқарып, айналасына талапты жастарды жинай білді. Біз оның ақындығына ерекше сүйсінетінбіз. Кейін оқуын бітіріп, еліне кеткен соң араласуымыз сирегенімен, кездескен сайын шығармашылығы мен азаматтық болмысына назар аударатынмын. Қайырбек әдеби мұраны түгендеуге де көп көмектесті. Бір кітапты дайындау барысында ағайындарды ұйымдастырып, қажетті деректерді жинауға атсалысты. Мен оның осы еңбегіне ерекше ризамын. Бірде оның өлеңдерін жинақтап, кітап етіп шығарған-шғармағанын сұрағанымда, өзі әлі жинақ шығармағанын айтты. Сол кезде ақынның мол мұрасы елеусіз қалмауы керек екенін терең сезіндім. Қайырбек тек ақын ғана емес, ел азаматтарының еңбегін бағалап, рухани құндылықтарды дәріптеуге күш салған жан еді», – деді жазушы Пернебай Дүйсенбин.


Еске алу кеші Қайырбек Лұқпанның өнегелі өмір жолын ұлықтап, оның елге қызмет ету ұстанымы мен шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған тағылымды басқосу болды.

68
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!