Otpan News Logo

Ақтауда 800 грамм болып туған сәбидің тұсауы кесілді

|
17.11.2026 12:46
Ақтауда 800 грамм болып туған сәбидің тұсауы кесілді

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – 17 қараша – Халықаралық шала туған сәбилер күні. Осыған орай Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.


Жиынға уақытынан бұрын дүниеге келген балалар мен олардың ата-аналары, медицина қызметкерлері қатысты. Мереке барысында бүлдіршіндерге сыйлықтар табысталып, концерттік бағдарлама ұсынылды.


Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының директоры Жапырақ Епенованың айтуынша, биылғы жылдың алғашқы 10 айында орталықта салмағы 500-ден 2499 грамға дейінгі 390 сәби мерзімінен бұрын дүниеге келген.


«Бүгін біз үшін ерекше күн. Балалардың қазір жүгіріп жүргенін, күліп, сөйлеп, тақпақ айтып тұрғанын көру бізге үлкен қуаныш сыйлайды. Олардың өмірге бейімделіп, қатарластары секілді өсіп келе жатқаны – дәрігерлер мен ата-аналар үшін үлкен жетістік. Әсіресе, шала туған сәбилердің аналарының еңбегі орасан зор. Олар баласының әр грамм қосқан салмағына дейін есептеп, тыныс алуын қадағалап, әр сәтін алаңдаумен өткізеді», – деді орталық директоры.


Мамандардың сөзінше, салмағы 600-700 грамм болып туған нәрестелердің кейбірі орталықта 3,5-4 айға дейін ем қабылдайды. Реанимация бөлімінен кейін олар күтімнің келесі кезеңінен өтіп, салмағы 2,5 келіге жеткенше дәрігерлер бақылауында болады. Орталықта ең кіші салмақпен туған сәби – 500 грамм. Мұндай сәбилер жүктіліктің 23-24 аптасында дүниеге келген.


Мерекелік шарада шала туған сәбилердің бірі – Айымның да қуанышты сәті атап өтілді. Оның анасы Ақсұңқар Сатаева 2024 жылғы қарашада қызын жүктіліктің 24-аптасында 800 грамм салмақпен босанған. Нәресте реанимация бөлімінде үш айға жуық, кейін күтімнің екінші кезеңінде тағы бір ай ем қабылдап, төрт айдан астам уақыт орталықта жатқан.


Қазір Айым жасына сай өсіп, сөйлеп, айналасындағы заттарды танып, дені сау болып жетіліп келеді. Мереке аясында кішкентай Айымның тұсауы кесілді. 


Ақсұңқар Сатаева қызының аман-есен өсіп-жетілуіне үлес қосқан дәрігерлер мен медбикелерге алғысын білдірді.


«Аллаға шүкір, қызым қазір алдымызда аман-есен жүр. Перинаталдық орталықтың дәрігерлері, неонатологтар, гинекологтар мен реанимация бөлімінің медбикелері үлкен еңбек сіңірді. Оларға алғысым шексіз. Осындай сәбилердің өмірі үшін күресіп, ата-аналарға қуаныш сыйлай берсін», – деді ол.


Айта кетейік, Халықаралық шала туған сәбилер күні қоғам назарын мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестелердің денсаулығына, олардың күтімі мен оңалтуына аударуға бағытталған.

4
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!