
Қазақстан Республикасының резиденті деп танылатын тұлғалар салық кодексінің 217-бабында анықталған. Резиденттерге мыналар жатады – Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын жеке тұлғалар, тұрақты тұрмайтын, бірақ өмірлік мүдделері Қазақстан Республикасында орналасқан тұлғалар. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Ірі салық төлеушілер және халықаралық салық салу басқармасының бас маманы Рзагүл Жыңғылбаева айтты, деп жазады otpannews.kz сайты.
Спикердің айтуынша, жеке тұлға 183 күн (келу және кету күндерін қосқанда) кемінде Қазақстан Республикасында болса, ол резидент ретінде танылатынына назар аударған жөн.
- Қазақстан Республикасының резиденттері халықаралық шарттар бойынша салықтық міндеттемелерін жеңілдету үшін резиденттік құжат алуға құқылы. Бұл құжат Қазақстан мен басқа елдер арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында беріледі. Резиденттік құжатты алу арқылы тұлға тек бір мемлекетте ғана салық төлеп, жеңілдетілген салық мөлшерлемелерін пайдалана алады. Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 218-бабына сәйкес, резидент халықаралық шарттар аясында шет мемлекетте салық салу ережелерін қолдана алады. Шетелдік тұлғалар Қазақстан Республикасының салық органына резиденттікті растайтын құжатты, ал Қазақстан Республикасының резиденттері шет мемлекеттің салық органына қажетті құжаттарды ұсына алады. Резиденттікті растау үшін салық органына өтініш беріп, қажетті құжаттарды ұсыну қажет,- деді Рзагүл Жыңғылбаева.
Сондай ақ, резиденттікті растау үшін қажетті салықтық өтініш 2020 жылғы 10 шілдедегі № 665 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік қызмет қағидаларына сәйкес беріледі.
Өтінішті тапсыру жолдары – «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы (ЦОН) арқылы, «Электрондық үкімет» веб-порталы (www.egov.kz) арқылы.
Резиденттікті растауға арналған салықтық өтінішке мыналар қоса беріледі:
Шетелдік заңды тұлға үшін – эффективті басқару орнының Қазақстанда екенін растайтын құжат (директорлар кеңесінің хаттамасы немесе басқа құжаттардың нотариат куәландырған көшірмесі).
Қазақстан Республикасының азаматы үшін – жеке құжатының немесе паспортының нотариат куәландырған көшірмесі.
Шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар үшін – шетел паспорты немесе азаматтығы жоқ адам құжатының нотариат куәландырған көшірмесі, Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхат (болған жағдайда), Қазақстанда болу кезеңін растайтын құжат (визаның немесе басқа құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелері).
Айта кетсек, мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі — үш жұмыс күні. Қызмет тегін және жеделдетілген нұсқасы жоқ.
