Otpan News Logo

Жастар және мемлекеттік қызмет: жаңа мүмкіндіктер кезеңі

|
17.08.2026 17:04
Жастар және мемлекеттік қызмет: жаңа мүмкіндіктер кезеңі

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.


Жаңа заңда жастардың мемлекеттік қызметке ерте араласуына және кәсіби тұрғыдан қалыптасуына мүмкіндік беретін маңызды тетіктер қарастырылған. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметке қажетті білімі мен дағдысы бар жас мамандарды даярлап, оларды елге қызмет етуге бағыттау.


Мемлекеттік қызметке кәсіби әрі білікті кадрларды тарту мақсатында азаматтарды мемлекеттік қызметке кіруге даярлаудың жаңа жүйесі қарастырылған.


Жүйе екі бағытты қамтиды: төменгі лауазымдарға ерте кәсіптік бағдарлау арқылы даярлау және басшы лауазымдарға даярлау.


Бірінші бағыт бойынша азаматтар бакалавриат бағдарламасында білім ала отырып, мемлекеттік қызметке қажетті кәсіби дағдыларды, құқықтық мәдениетті, қазақстандық патриотизм мен қызметтік әдеп қағидаларын меңгереді. Даярлықты аяқтаған азаматтар оқуын бітіргеннен кейін екі жыл ішінде конкурссыз жергілікті атқарушы органдардағы төменгі лауазымдарға орналаса алады.


Екінші бағыт басшы кадрларды даярлауға бағытталған. Бұл бағдарлама бойынша азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында магистратурада оқиды. Даярлықты аяқтағандар белгіленген тәртіппен орталық мемлекеттік органдарда және жергілікті атқарушы органдарда басшы лауазымдарға орналасу мүмкіндігіне ие болады.


Бұл ретте білім алушылар оқуды аяқтағаннан кейін үш жыл ішінде мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеу міндеттемесін қабылдайды. Міндеттемелер орындалмаған жағдайда бюджет қаражаты есебінен оқуға жұмсалған шығыстарды өтеу көзделеді.


Жастар үшін заңда мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа мүмкіндігі де қарастырылған. Бұған дейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес, конкурссыз мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігі негізінен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім алған үздік түлектерге берілсе, қазіргі заң талаптарына сәйкес бұл мүмкіндік кеңейтілді. Енді жоғары оқу орнын ақылы негізде аяқтаған, оқу нәтижесі жоғары және GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес үздік түлектер де оқуын аяқтаған күннен бастап бір жыл ішінде еңбек өтілін талап етпейтін аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындала алады.


Бұл өзгерістер жас мамандардың мемлекеттік қызметке келу жолын жеңілдетуге бағытталған. Яғни жоғары оқу орнын жақсы аяқтаған, білімі мен қабілеті бар жастар үшін мемлекеттік қызметке алғашқы қадам жасауға қолайлы жағдай жасалмақ.

Ең бастысы – бұл мүмкіндік жастарға ғана емес, мемлекетке де тиімді. Себебі елдің болашағын ойлайтын, заманауи білімді және кәсіби мамандардың мемлекеттік басқару жүйесіне ерте келуі мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға ықпал етеді.


Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Ал осындай бағдарламалар сол жастың өз қабілетін ел игілігіне жұмсауына нақты жол ашады.


Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Маңғыстау облысы бойынша

департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы            

Тоқтамыс Жұмағұлов

9
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!