Шопан ата жерасты мешітінде 900 жыл бойы өсіп тұрған тұт ағашы бар
Маңғыстау даласы тылсым мен қасиетке толы әулиелі мекен. Халқымызда жерасты мешіттері мен әулие аталарға байланысты аңыздар жетерлік. Солардың бірі – Қожа Ахмет Йассауидің шәкірті саналатын Шопан атамен тікелей байланысты. Оның Маңғыстау өлкесіне қалай келіп, осында тұрақтағаны туралы аңыз не дейді? Бұл сауалға өлкетанушы, тарихшы Нұрлан Құлбай жауап берді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Халық аңызы бойынша, Қожа Ахмет Йассауи жасы 63-ке толғанда пайғамбар жасынан асып кетпеу үшін жер астына (қылуетке) кетіп, өмірінің соңына дейін Ислам дінін уағыздаумен және шәкірт тәрбиелеумен айналысады. Ол өз өмірінің соңында Түркістаннан адал қызмет еткен сенімді шәкірттерінің бірі — Шопан атаны (кей деректерде басқа да шәкірттерін) шақырады.
Йассауи өзінің қасиетті асатаяғын лақтырып жіберіп, Шопан атаға: «Бұл таяқ қай жерге барып түссе, сол жерге барып қоныстан, халыққа иман таратып, мал өсіріп, елге қызмет ет» деп аманат тапсырады. Асатаяқ Маңғыстау жеріне – қазіргі Бейнеу ауданы маңындағы Үстірттің ойпатына келіп түседі. Шопан ата ұстазының соңынан іздеп барып, таяқ түскен жерге қоныстанып, ғұмыр бойы сол өңірде мал шаруашылығын дамытып, халыққа қамқор болады.
«Аңыз бойынша асатаяқ түскен орынға зәулім тұт ағашы өсіп шыққан деседі. Шопан ата жерасты мешіті жанында өсіп тұрған ағаштың 9 ғасырлық тарихы бар. Сол көне заманнан бері өсіп келе жатқан бұл саялы тұт ағашы ғасырлар бойы қатал климатқа төтеп беріп, осы күнге дейін жеткен»,- деді Нұрлан Құлбай.
Расында, зиярат етіп Шопан ата жер асты мешітіне барған халық бұл ағашты киелі тұтады. Ел арасында «осы ағашты үш рет айналса, адамның дертіне шипа болып, барлық ауру-сырқаудан арылады» деген сенім қалыптасқан.