Маңғыстауда "Shubat fest - 2026" фестивалінің алғашқы жеңімпаздары анықталды
Маңғыстауда "Shubat fest - 2026" фестивалі өтті. Жобада 60 қатысушы әр түрлі номинация бойынша бақ сынады. Қазылар алқасы 26 түрлі балқаймақ пен 21 түрлі құртты салыстырып, үздіктерді бағалады. Басты "Ең үздік шұбат" номинациясының жеңімпазы 29 тамыз күні өтетін Гала-фестивальде анықталады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Балқаймақ бойынша I орынды Қызылсу елді мекені Qyzylsu ауыл өнімдері иеленді. II орынды Оңды ауылы Дала дәмі, III орынды Қарақия ауданы Сенек ауылындағы Ақ мұра өнімдері алды.
Түйе сүтінен балмұздақ жасау номинациясы бойынша Исмағамбетов шаруа қожалығы финалға өтті. Түйе сүтінен кофе, десерт жасау бойынша “Бірлік” шаруа қожалығы, Жаңаөзен - Нар мая өнімдері үздік деп танылды.
Құрт жасау бойынша I орынды Жаңаөзен қаласы “Nar Qazyna” өнімі Айтумыс шаруа қожалығы, II орынды Жармыш ауылы Алдоңғар шаруа қожалығы Jetikup Dami, III орынды Шетпе ауылы “Aruana” түйе сүт өнімдері иеленді.
Аталған жобаның мақсаты Қазақстандағы үздік шұбат өндірушілерін анықтауға, дәстүрлі сусынды дәріптеуге және түйе шаруашылығы өнімдерін насихаттауға бағытталған.
Фестиваль Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылғы республикалық туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізіліп, Ұлттық оқиғалар күнтізбесінің негізгі шараларының қатарына енді. Бұл фестивальдің еліміздің туристік әлеуетін дамытудағы маңызын көрсетеді.
"Ең үздік шұбат" номинациясының жеңімпазы үш көрсеткіш бойынша анықталады: халықтық дауыс беру – 20%, тәуелсіз зертхана қорытындысы – 40%, кәсіби қазылар алқасының бағасы – 40%.
Конкурс жүлдегерлеріне 1 млн, 700 мың және 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Ал Гран-при иегеріне автокөлік табысталады. Арнайы номинациялар бойынша да ақшалай жүлделер қарастырылған.
29 тамыз күні фестивальдің финалдық бағдарламасы өтеді. Финалда гала-концерт болып, танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Сондай-ақ халықтық дауыс беру ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылардың болжамынша, шараға 20–25 мың көрермен қатысады.