Маңғыстауда туризм саласы цифрлық форматқа көшіп, жаңа платформа іске қосылады
Маңғыстауда туризм саласы цифрлық форматқа көшеді. Өңірде туристерге арналған бірыңғай платформа дайындалып жатыр. Бұл туралы «Үстірт» мемлекеттік табиғи қорығының экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Аманқос Әбиев журналистерге арналған баспасөз туры барысында мәлімдеді, деп жазады otpannews.kz сайтының тілшісі.
Аманқос Әбиевтің айтуынша, өңірде туризм саласын цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Жаңадан пайда болатын платформа туристерге де, табиғатты қорғау іс-шаралары үшін де қолайлы болады.
- Бүгінгі таңда туризм басқармасымен бірлесіп, өңірдегі барлық туристік орынды бір жүйеге шоғырландыру жұмыстары жүзеге асып жатыр. Жаңа платформа туристер үшін сапарды жоспарлауды айтарлықтай жеңілдетеді. Мұнда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы локациялар арнайы белгімен көрсетіледі. Бұл белгі қорғауға алынған аймаққа кіру үшін міндетті түрде рұқсат қағазын рәсімдеу қажеттігін білдіреді. Маңғыстау жерінің күрделі рельефі мен қара жолдарда көліктің батып қалу немесе адасып кету қаупі бар екені белгілі. Жаңа платформада төтенше жағдай туындаған жағдайда көмек сұрау мүмкіндігі қарастырылады. Сонымен қатар саяхатшыларға өздері таңдаған маршрут бойынша орналасқан локацияларға өз бетінше немесе кәсіби туроператорлардың көмегімен бару ұсынылады. «Өзім барамын» батырмасын таңдаған туристерге карта мен нақты мәліметтер беріледі. Ал туроператорлармен барғысы келетіндер үшін сенімді тур компаниялардың деректері көрсетіледі. Жаңа жүйе арқылы туристер тазалыққа қатысты туындаған мәселелер бойынша да хабар бере алады. Мысалы, қоқыс жәшіктері толып қалған жағдайда немесе қалдықты өзімен бірге алып кету мүмкіндігі болмаған сәтте, жауапты орындарға хабарлама жіберу мүмкіндігі жасалмақ, - деді Аманқос Әбиев.
Пресс-тур барысында туризм басқармасының өкілдері аймақта экотуризм мәдениетін дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын айтты.
- Табиғат аясына шығып, орынсыз от жағу, ағаштарды сындыру немесе артынан қоқыс қалдыру экотуризм ұғымына мүлде қайшы келеді. Нағыз экотуризм дегеніміз – саяхатшы келіп кеткеннен кейін де табиғат сол қалпында, ешбір бүлінбей сақталуы тиіс. Платформада осындай бағыттағы ақпараттық материалдарда қамтылады, - деп толықтырды туризм басқармасындағылар.