Ақтауда үш негізгі жол жөнделіп жатыр
Ақтауда биыл қаладағы үш негізгі автожолға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жөндеу жұмыстарының бірі «Кездесу» жанармай бекетінен 31А және 31Б шағынаудандарының қиылысына дейінгі 2,56 шақырым жолды қамтиды. Екінші учаске 34А, 35, 32Б және 32А шағынаудандарының қиылысынан 19А, 19, 18 және 20 шағынаудандарының қиылысына дейін созылады. Оның ұзындығы – 2,145 шақырым.
Сондай-ақ 4А шағынауданындағы «Ақбота» саябағынан 1-шағынаудандағы «Рахат» қиылысына дейінгі 1,7 шақырым жол жөнделіп жатыр.
Қазір бұл нысандарда асфальт төсеу, бордюрлерді жаңарту және жолдың негізін дайындау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Бұдан бөлек, жол инфрақұрылымын дамыту бойынша өткен жылдан жалғасып жатқан бес жоба бар. Соның бірі – «Нұрас» жанармай бекетінен Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына дейінгі жол. Ұзындығы 3,2 шақырым болатын бұл учаске жаңартылып, пайдалануға берілді.
Ал 39 және 40-шағынаудандар арасындағы №27 автожолдың 971 метрлік бөлігінде қазір асфальт төселіп жатыр.