Otpan News Logo

Қайтарылған активтер: Маңғыстау облысына қанша қаражат бөлінді?

|
17.08.2026 12:58
Қайтарылған активтер: Маңғыстау облысына қанша қаражат бөлінді?

Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заң күшіне енгеннен бері бюджетке 1 триллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті бұл жұмыстың тиімділігін тек қайтарылған қаражат көлемімен емес, оның халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалуымен бағалайтынын атап өтті. Алайда бөлінген қаражат көлемі бойынша Маңғыстау облысы ең төмен көрсеткіш тіркелген өңірлердің қатарында. Бұл туралы Otpannews.kz Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

 

2023 жылғы қыркүйектен бастап мемлекетке заңсыз алынған активтерді қайтару жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында жалпы құны 1,154 триллион теңге болатын актив мемлекет қарамағына өтті. Қайтарылған қаражат есебінен мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салынуда.

 

Қайтарылған активтердің негізгі бөлігін ақша қаражаты құрайды. Оның көлемі 1,044 триллион теңгеге жетеді. Сонымен қатар мемлекетке 75,7 млрд теңгенің жылжымайтын мүлкі, 12,1 млрд теңгенің компаниялардағы үлестері, 19,2 млрд теңгенің жер телімдері және 2,9 млрд теңгенің өзге де активтері қайтарылған.

 

Жылдар бойынша қарасақ, 2024 жылы мемлекетке 302,5 млрд теңге, 2025 жылы 773,7 млрд теңге, ал 2026 жылы 77,7 млрд теңге көлемінде актив қайтарылған.

 

Қайтарылған ақшалай қаражат алдымен Арнайы мемлекеттік қорға түседі. Кейін Республикалық бюджет комиссиясының шешіміне сәйкес әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды салуға немесе жаңғыртуға қажеттілігі бар өңірлерге бағытталады.

 

Маңғыстауға 8,2 млрд теңге бөлінді

 

Бас прокуратураның мәліметінше, қайтарылған активтер есебінен ең көп қаражат Шығыс Қазақстан облысына - 78,9 млрд теңге, Солтүстік Қазақстан облысына - 69,4 млрд теңге, Астана қаласына 64,7 млрд теңге көлемінде бөлінген.

 

Ал қаражат ең аз бағытталған өңірлердің қатарында Маңғыстау облысы бар. Өңірге 8,2 млрд теңге бөлінген. Шымкент қаласына 2,5 млрд теңге, Атырау облысына 7,2 млрд теңге қарастырылған.

 

Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, өңірлерге бөлінетін қаржы көлемі бірнеше факторға байланысты. Оның ішінде әкімдіктер ұсынған жобалардың саны, дайын жобалық-сметалық құжаттаманың болуы, сондай-ақ инфрақұрылым тапшылығы аса өткір өңірлерге басымдық берілуі ескеріледі.

 

466 жобаға 617,6 млрд теңге бөлінді

 

Жалпы ел бойынша қайтарылған активтер есебінен 466 жобаны іске асыруға 617,6 млрд теңге бөлінген.

Оның ішінде 235 жоба ауыз сумен қамтамасыз ету саласына, 190 нысан медицина саласына, 17 нысан білім беру саласына, 11 жоба инфрақұрылымға, 7 нысан көлік саласына және 6 жоба спорт нысандарына қатысты.

 

Бүгінде 364 нысан бойынша 253 млрд теңгеден астам қаражат игерілген. Олардың 349-ы пайдалануға берілді. Қалған 102 нысан бойынша жалпы құны 365,4 млрд теңгеден асатын жобалар іске асырылып жатыр. Жыл соңына дейін тағы 93 нысанды аяқтау жоспарланған.

 

Бас прокуратура жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде бақылау мен қоғамдық есептілік тетіктері қарастырылғанын атап өтті. Жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат тиісті әкімдіктер мен салалық министрліктердің ресми интернет-ресурстарында жарияланып отырады.

53
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!