Гүлайдың ғажайып әлемі
Маңғыстау – сөз өнерін қастерлеген, жыр мен жыраулық дәстүрі терең тамыр жайған өлке. Сол рухани арнадан нәр алған өңірдің ақын қыздары да қазақ поэзиясына өзіндік үн, бөлек болмыс әкелді. Бірі дәстүрлі жырдың өрісін жалғастырса, бірі заманның тынысын жырлады, енді бірі әйел жанының сырлы әлемін поэзия тілімен бедерледі. Осылайша маңғыстау топырағында ақын қыздардың өзара сабақтасқан, әрқайсысының дара қолтаңбасымен дараланатын өзіндік шығармашылық дәстүрі қалыптасты. Балдай ақын – маңғыстау ақын қыздары көшінің басында тұрған тұлға. Ал Балдай ақыннан бастау алған осы рухани арнадан бүгінгі Гүлайға дейін жалғасқан жол – уақыттың ғана емес, шығармашылық ізденістің де жолы. Бұл аралықта маңғыстау поэзиясына өзіндік үнімен, дара қолтаңбасымен келген талай ақын қыздар өз ізін қалдырды. Солардың әрқайсысы өз дәуірінің тынысын, өз заманының сырын, өз жан дүниесінің болмысын жырға қосты. Бүгінде сол сабақтастықтың жалғасындағы ақындардың бірі – Гүлай. Ол қалыптасқан дәстүрден нәр ала отырып, өзіне тән сөз өрнегімен, өткір ойымен, өр мінезді ақындық болмысымен ерекшеленеді.
Гүлайдың ақындығын даралайтын ең басты ерекшеліктің бірі – ойдың басымдығы. Ол өлеңді жай ғана әдемі сөз тізу үшін жазбайды. Оның жырында сұрақ бар. Толғаныс бар. Кейде ішкі қарсылық бар. Кейде адам мен қоғамның, уақыт пен тағдырдың арасындағы қайшылықты сезінесіз. Сондықтан Гүлай өлеңдерін оқығанда, бірден жауап таба алмайсыз. Ақын сізге дайын тұжырым ұсынбайды. Керісінше, оқырманын ойлануға шақырады. Оның өлеңдеріндегі философиялық сарын да осыдан туындайды.
Ақын Г.Дәуітбаеваның «Айыру керек» өлеңін оқиық:
Далиған мендік даладай жүрек,
Қалады кейде қаралай жүдеп.
Жабысқақтарды майға құныққан
Айырсам деймін аямай іреп!
Қырғидай тисем шулатып бәрін,
Құлқынын қисам қуратып нәрін -
Тоңқалаң асып тоғышар біткен
Үлгермей кетсе тіл қатып залым...
«Айыру керек!» өлеңі – Гүлайдың азаматтық үнін айқын танытатын, қоғамдағы келеңсіз құбылыстарға қарсы уытты да өткір жазылған шығарма. Ақын «айыру» ұғымын қайталау арқылы ой екпінін күшейтіп, ел қамын жемейтін әкімнен бастап, жалған сөйлейтін депутатқа, міндетін атқара алмаған әскериге, ана тілін қадірлемеген ұлтсыз санаға дейін батыл сын айтады. Өлеңдегі өткір сарказм мен ашынған пафос ақынның ел тағдырына бейжай қарай алмайтын өр мінезін аңғартса, «Қазақ ертеңі – қазаққа ортақ» деген түйін оның азаматтық ұстанымын айқындай түседі. Бұл – шындықты бүкпей айтуға, ұлт мүддесін жоғары қоюға үндеген әлеуметтік салмағы бар өлең.
...Мақұрым ұлттың ғажап құнынан,
Санасын миқұрт қажап құрыған,
Ананың тілін сүймес сүмсікті
Айыру керек ҚАЗАҚТЫҒЫНАН!
Кеш емес әлі айыру керек!
Ұлтсыздың уын қайыру керек!
Қазақ ертеңі – қазаққа ортақ
Қазағым көрсін қайырын демек!
«Айыру керек!» – Гүлайдың «тентек» өлеңдерінің бірі. Тентек дейтінім – оның ойы да, сөзі де бір қалыпқа сыймай, қоғамның жарасын саусағымен басып, биліктегіні де, бұқараны да аяусыз сын тезіне салуында. Ақынның «Айыру керек!» деген қайталама тіркесі өлеңге асау ырғақ, қайсар мінез беріп, оқырманды бірден ой арпалысына жетелейді. Бұл – біреуге жағыну үшін емес, елдің кемшілігін күйіне отырып айту үшін туған, әзіл мен ащы шындықты, тентектік пен азаматтық батылдықты қатар алып жүрген Гүлай поэзиясының бір қыры.
Ақын үшін өмір – тек қуаныш пен мұңның кезектесуі емес, адамды адам ететін үлкен сынақтардың кеңістігі. Адамның жалғыздығы, уақыттың өткіншілігі, әйелдің тағдыры, туған жер, ел мен жердің қадірі, көңілдің құбылысы – мұның бәрі Гүлайдың ақындық әлемінде өзіндік бояумен көрінеді.
...Төбемде тұршы, тарама,
Ақ бұлтым – менің періштем.
Жұбаныш болшы жарама
Танимын сені... мен іштен...
«Кетемін көкке бір күні...» өлеңінде досының рухымен сырласады. Жердегі мұңнан шаршаған нәзік жанның көктегі аппақ бұлтты өзінің жалғыз сырласы, қорғаушы періштесі әрі мәңгілік тыныштық табатын мекені ретінде көретін ішкі психологиялық күйі өлең болып төгіледі.
Гүлайдың өлеңіндегі өрлік те назар аудартады. Бұл – даурығу емес. Бұл – ішкі беріктіктен туған өрлік. Өз сөзін өзі көтеріп тұрған, өз ойын өзгеге ұқсатпай жеткізуге ұмтылған ақынның мінезі. Оның жырларынан «менің ойым – осы» деген берік те батыл ішкі ұстаным сезіледі. Бұл– ақын үшін маңызды қасиет. Өйткені шынайы поэзия біреуге ұқсаудан емес, өз дауысыңды табудан басталады...
Өмірде кейбір адамдармен арадағы байланыс уақыт өте келе өзінің алғашқы атауынан асып, мүлде басқа бір биікке көтеріледі. Ұстаз бен шәкірт ретінде басталған сыйластықтың кейін сырлас достыққа ұласуы – сондай сирек те қымбат қарым-қатынастың бірі.
Атырау университетінің Ақтау филиалының Қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне студент болып қабылданған Гүлай Шынтемірқызымен 1996 жылы таныстым. Ол кезде біздің арамызда ұстаз бен шәкірт қарым-қатынасы бар еді. Алайда уақыт өте келе ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластық сырлас достық пен туыстыққа бергісіз жақындыққа ұласты. Гүлайдың студент кезіндегі болмысы бүгінгі ақындық тұлғасынан алшақ емес еді. Ең алдымен, оның білімге деген құштарлығы байқалатын. Оқуға немқұрайлы қарамайтын, білсем, көрсем, үйренсем деген ынтасы ерекше болатын. Қатар-құрбыларының арасынан озып, ізденуге ұмтылатын. Сабақ үстіндегі сұрақтары, пікір айтуы, оқыған дүниесіне өзінше баға беруге талпынысы оның бойында үлкен ізденістің ұшқыны бар екенін ерте аңғартты. Жастық шақтың өзіне тән еркелігі де, қызу қылығы да болды. Кейде қатарластарының арасында тентектігімен көзге түсетін кездері де кездесетін. Бірақ оның сол еркелігі де, тентектігі де өзіне жарасымды еді. Өйткені оның бойындағы еркіндік жасандылықтан емес, табиғи мінезінен туындайтын. Көңіліне келгенін бүкпей айтатын, қуанышын да жасырмайтын, өз ортасында еркін жүретін. Қазір сол студенттік жылдарға көз жүгіртсем, Гүлайдың бойындағы сол кездегі қасиеттердің бәрі кейінгі өмірімен сабақтасып жатқанын аңғарамын. Білімге құштарлығы – ізденімпаздығына, еркін мінезі – турашылдығына, жастықтағы тентектігі – кейінгі өр мінезіне ұласқандай. Жастықтың еркелігімен өткен сол күндер бүгінде қымбат естелікке айналды. Сол кездегі Гүлайдың балғын күлкісі, аяқ астынан айтатын ұшқыр сөзі, кейде тентектікке барып қалатын еркін қылығы – бәрі де оның өзіне ғана тән бір жарасымды мінез еді. Оған ренжу де қиын болатын. Өйткені оның тентектігінің өзінде бір адалдық, еркелігінің өзінде бір тазалық бар еді.
Адамның шын болмысы кейде өмірдің елеусіздеу көрінетін, бірақ жүректе мәңгі сақталатын қарапайым сәттерінен танылады. Гүлайдың достыққа деген адалдығын аңғартатын сәттер аз болған жоқ. Соның біріне тоқталайын. Сонау 1997 жылдың қоңыр күзінің бір күні. Алматыға күндізгі бөлімде білім алу үшін аспирантураға оқуға аттандым. Маңғышлақ – Алматы бағытындағы пойызға отырып, төрт күндік сапарға шыққан едім. Менің қай вагонда отырғанымды білген Гүлай ауылдан Бейнеуге арнайы қарсы алуға келді. Ол тұратын ауылға пойыз тоқтамайтын. Бейнеу станциясына келіп, перронға шықсам, қарсы алдымда күлімдеп Гүлай тұр. Қолында үлкен бір пакеті бар, ішінде әдеттегі жол азығы емес, алыстағы досының жолын ойлап, арнайы дайындаған дәмі бар екен. Мен үшін Гүлайдың Бейнеуге арнайы келіп, пойыз күтіп тұрғаны – достықтың сөзбен емес, көңілмен өлшенетінінің бір белгісі еді. «Төрт күндік жолда қарның ашып қалмасын» деген ниетпен асылған ет, қуырылған картоп, шұбат, «Rama» майы мен ып-ыстық таба нан салып әкеліпті. Бірақ сол пакеттегі тағамның бәрінен де маған ыстық сезілгені Гүлайдың алақанының табы қалғандай көрінген таба нан еді. Мені Алматыға оқуға аттанып бара жатқаным үшін шын қуанып тұрса да, қимай тұрды, оны жүзінен де, даусынан анқы байқадым. Құшақтасып қоштасқанымызда көзімізден жас парлады, көп сөз айтылмады. Кейде ең үлкен сезімдерді сөз емес, үнсіздік жеткізеді екен. Пойыз қозғалып, ауылдан алыстап бара жатқанда, Гүлай берген таба наннан үзіп жеп отырып, сол ыстық нанмен бірге досымның ыстық ықыласы, қимастығы, жан жылуы сезіліп, көзімнен ыстық жас төгілді... Арада қанша жыл өтсе де, Гүлайдың сол бір таба нанының табы мен достықтың сол бір ыстық сәті жадымнан өшкен емес. Дәл осындай сәттер аз болған жоқ. Бірақ олардың бәрін тізбелемей-ақ қояйын, Гүлайдың адамға деген ықыласы мен достыққа адалдығын танытатын осы бір оқиғаны баяндағанымның өзі көп нәрсені аңғартады...
Гүлайдың адамдық болмысын сөз еткенде, оның анасына деген перзенттік ықыласы мен қамқорлығын айналып өту мүмкін емес. Ол анасын аялап өтті. Ауылдағы анасын қалаға алдырып, өмірінің соңына дейін қасынан табылды, көңілін аулады, ауыра қалса, емдетті... Перзенттік парызын сөзбен емес, ісімен өтеп, ақ батасын алды. Гүлайдың анасы менің анама ұқсайтын, екеуі Тұщықұдықтың құмында ойнап өскен құрбылар екенін кейін білдік. Жандары жәннатта болсын, екі анамызға да еркелеп, екеуінің де ақжарма ықыласы мен мейіріміне бөленіп өстік.
Гүлайдың ат қойғыштығы да – ел ішінде өзіндік бір әңгіме. Адамды бір көргеннен танып, оның мінезіндегі бір ерекшелікті қағып алып, соған дәл келетін әзіл ат таба қояды. Оның мұндай әзіліне ренжи алмайсың, керісінше риза боласың. Мен де қалыспай, оған бірнеше ат қойдым. Сөйтіп, арамыздағы сыйластықтың бір белгісіне айналған өзімізге ғана түсінікті әзілдер, аттар, сөз қағыстар пайда болды. Қазір солардың бәрін еске алсам, бір кезде күнделікті өмірдің қарапайым ғана бір бөлшегі болған дүниелердің уақыт өте келе ең қымбат естелікке айналатынына таңғаламын.
Гүлайдың ақындық ғажайып әлемін айтсам, марқұм жолдасым Нұрланның да есімі ойға оралады. Нұрлан да табиғатынан ақын еді. Сондықтан екі ақынның әңгімесі жараса кететін. Нұрекең ақын қызды ерекше жақсы көретін. Оның ақындығын да, адамдық болмысын да бағалайтын. Гүлай үйге келгенде, Нұрекең домбырасын қолына алып, оған арнап әзіл аралас өлең шығарып, әндетіп отыратын. Домбыраның қоңыр үніне ұласқан аяқ астынан туған шумақтарда әзіл де, қалжың да, ақынға деген ықылас та бар еді. Гүлекең де қарап қалмайтын, қағытпаны қағып алып, сөзбен сөзді жалғап, өзіне тән еркін мінезімен жауап беретін. Әзіл-қалжыңға толы сондай отырыстардың болғаны өткен кезеңдердің жылы естелігі болып қалды. Нұрекеңе тұрмысқа шығарда Гүлай арнайы келіп құттықтап, маған қызғылт дәптер сыйлаған еді. Оның ішінде жүрекжарды тілегін өлеңмен өрген мөлдір шумақтар бар еді. Қызғылт мұқабасына бір дәуірдің, бір достықтың табы сіңген сол дәптер әлі күнге дейін менің ең қымбат дүниелерімнің бірі ретінде сақтаулы тұр. Гүлай сол кезде менің бақытымды шын көңілден бөлісе қуанды...
Гүлай Шынтемірқызының табиғатында бірден көзге түсетін қасиеті – жасандылықты жат көретіндігі. Жаратылысында қандай болса, өмірде де сол қалпында. Адамның атағына да, лауазымына да, мансабына да қарап сөзін өлшеп, пікірін өзгертіп, көңілін аулайтындардың қатарынан емес. Біреуге ұнау үшін өзін басқа қырынан көрсетуге тырыспайды. Қандай ортада, кімнің алдында отырса да, өз болмысын сақтайды. Осы табиғилығының өзі оны өзгелерден даралап тұрады. Оның осы болмысы қаламынан да анық көрінеді. Гүлайдың ел, жер, қоғам жайындағы жазбаларын оқысаңыз, автордың бір нәрсені айналып өтпей, мәселенің өзегіне тура баратынын аңғарасыз. «Егемен Қазақстан» сияқты елдің бас басылымында жарық көрген мақалаларынан бастап, өзге де мерзімді баспасөздегі дүниелеріне, әлеуметтік желідегі жазбаларына дейін ортақ бір сипат бар, ол – шындыққа деген адалдық. Ол ел өміріндегі келеңсіздікті көрсе, үнсіз қалмайды. Қоғамдағы түйткілді жылтыратып көрсетуге ұмтылмайды, керісінше, жұрттың көбі айта алмай жүрген сөзді ашық айтуға бейім. Сын айтар жерде сынын айтады, пікір білдірер жерде пікірін білдіреді. Сондықтан оның публицистикасынан құрғақ баяндаудан гөрі азаматтық үн, жай ақпараттан гөрі алаң көңіл сезіледі. Гүлайдың өткір сөзі – оның азаматтық мінезінің жалғасы. Ақынның өлеңіндегі өрлік пен публицистикасындағы батылдықтың тамыры бір жерде жатыр. Ол – шындықты сүйетін мінез. Гүлайдың шынашақтай нәзік қалпының ар жағында тұтас бір өр мінезді әлем жатыр. Ол – шынашақтай болса да, шындықтың салмағын көтерген тұлға, себебі оның ақындық, журналистік қуаты сыртқы болмысында емес, ішкі әлемінің тереңінде жатыр. Оны халыққа жақын еткен – ақиқатқа адалдығы, өр мінезі, ешкімге жағымпазданбайтын еркін сөзі. Кешегі құрылтайда елдің сөзін сөйлей алмайтын біреулерді ұсынғанша, құдіретім жетсе, мен Гүлайды ұсынып, депутат қылар едім, өйткені ол – халықтың сөзін халықтан артық білетін, қажет жерде шындықты тайсалмай айта алатын жан. Бірақ Гүлайдың өзі ондай мансапты орындардан ат-тонын ала қашады, оның табиғаты билікке ұмтылуға емес, ақиқатты айтуға жаралған.
Гүлайдың ғажайып әлемі – жыр мен шындық, өрлік пен нәзіктік, достық пен адамдық жарасым тауып, өзіне ғана тән бояуымен өрілген қайталанбас рухани кеңістік. Сол ғажайып әлеміңнің шырағы сөнбей, жырыңның бұлағы сарқылмай, жүрегіңнің оты мәңгі маздай берсін! Жарты ғасырлық мерейлі белесің құтты болып, алдағы ғұмыр жолың жаңа жырлармен, жарқын сәттермен, шынайы достықпен, шығармашылықтың толымды табыстарымен өріле бергей! Елу жасың – тоқтаудың емес, кемелденіп, жаңа биіктерге қанат қағар шағың болсын, Гүлай қыз!
Нағбду ҚАМАРОВА,
Yessenov University профессоры,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.