Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру-басты міндет
Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде азаматтарға бағытталған сервистік мемлекеттік аппарат қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Қазіргі әлемдік практикада мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделі айтарлықтай белсенді дамуда.
Мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделінің негізінде бір жағынан, ел азаматтарының, екінші жағынан, мемлекеттік қызметтің өзара міндеттемелерін бекітетін нормалар қамтылады.
Осы бағытта Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жетілдіру және оларды көрсету тәртібін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Аталған жұмыстар аясында «Еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу» мемлекеттік қызметін көрсету барысында нормативтік талаптар мен ақпараттық жүйеде көзделген мүмкіндіктер арасында сәйкессіздік анықталды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 15 сәуірдегі №123 бұйрығымен бекітілген Қағидалардың 36-тармағында еңбекші көшіп келушіге берілген рұқсатты кері қайтарып алудың бір ғана негізі көзделген болатын.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметті көрсету кезінде қолданылатын «Шетелдік жұмыс күші» ақпараттық жүйесінде рұқсатты кері қайтарып алудың бірнеше негізі қарастырылған. Олардың қатарында уәкілетті органдардың тиісті актісі, жарамсыз құжаттарды ұсыну, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу, еңбек шартының бұзылуы, сот шешімі және басқа да жағдайлар қамтылған.
Яғни, нормативтік құжатта көзделген талаптар мен ақпараттық жүйеде қарастырылған мүмкіндіктердің арасында айырмашылық болған. Мұндай сәйкессіздік мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құқықтық түсініспеушіліктерге, қызмет көрсету тәртібін әртүрлі түсіндіруге және қызмет алушылардың құқықтарын іске асыру барысында қиындықтарға әкелуі мүмкін.
Осы мәселені шешу мақсатында Департамент мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жетілдіру бойынша тиісті ұсыныс енгізіп, «Еңбекші көшіп келушіге рұқсатты кері қайтарып алу» мемлекеттік қызметінің кіші түрі бойынша Қағидалар талаптары мен ақпараттық жүйедегі мәліметтерді өзара сәйкестендіру қажеттігін ұсынды.
Аталған ұсыныс қолдау тауып, тиісті өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде «Еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу» мемлекеттік қызметін көрсету тәртібіндегі нормативтік талаптар ақпараттық жүйеде көзделген мүмкіндіктермен сәйкестендірілді.
Енгізілген өзгерістер, ең алдымен, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік органдардың жұмысын өзара үйлестіруге және қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, нормативтік талаптар мен ақпараттық жүйелердің өзара сәйкестігі мемлекеттік қызмет көрсету процесін барынша түсінікті, ашық әрі бірізді етуге ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметтерді жетілдірудің негізгі мақсаты – тек нормативтік талаптарды өзгерту немесе ақпараттық жүйелерді жаңарту ғана емес. Ең бастысы – азаматтар мен өзге де қызмет алушылар үшін мемлекеттік қызметтерді түсінікті, қолжетімді және тиімді ету.
Осы ретте мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы құқықтық нормалар мен цифрлық құралдардың өзара үйлесімді жұмыс істеуі – сапалы мемлекеттік қызмет көрсетудің маңызды негіздерінің бірі.
Мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін жетілдіру, құқықтық айқындықты қамтамасыз ету және қызмет алушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Тоқтамыс Жұмағұлов
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Маңғыстау облысы бойынша департаментінің
басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы