Otpan News Logo

Қаламы қоғамға қызмет еткен қайсар журналист

|
17.08.2026 17:25
Қаламы қоғамға қызмет еткен қайсар журналист

«Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Абдрахмановқа 2014 жылғы 23 ақпан күні хат жазыппын. Хатымда:

«Егемен Қазақстан» газетінің 12.12.2013 күнгі санына менің «Ізгі ниетті басылым» атты шағын лебізім шықты. Онда: «Кейінгі жылдары бұл газеттің әр санынан Маңғыстаудың жаңалықтары ғана жарияланып қоймай, өзекті мәселелері де жиі жазылатын болды. Біздер, жергілікті тұрғындар, аймағымыздағы ахуал туралы бас газетте мәселе көтерілсе, оның міндетті түрде оң нәтижесі болатынын сеземіз. Өйткені оны Елбасы, Үкімет мүшелері, шенді-шекпенділер түгел оқиды», – деп едім.


Сол мақалалардың авторы, «Егеменнің» біздің Маңғыстаудағы меншікті тілшісі Гүлайым Шынтемірқызы Дәуітбаеваның қызметіне кедергілер келтіріп, редакцияға орынсыз арыз-шағымдар айтып жүрген жергілікті билік өкілдерінің қылықтарын естіп, біліп жүрмін.


Біздің қоғамда сын – шын болса, мінді түзеудің орнына оны айтқан адаммен алысып кететін әдет бар ғой. Университетіміздің мақтан тұтар түлегі, ақын, журналист Г. Дәуітбаеваға редакция басшылығының қолдауы керек-ақ. Оның ел ішіндегі мәселелерді соншалықты жанашырлықпен жазып, барынша шешім табуына ықпалын тигізіп жүргеніне біздер куәміз.


Қыз бала болса да қайсарлықпен азаматтық танытып, елдің сөзін сөйлеп жүр. Егер әріптесіңіз, қаламгер қарындасыңызға қолдау көрсете түссеңіз, оның өзінің ғана емес, бас газеттің де беделін Маңғыстауда арттыра түсер едіңіз,– деп жазыппын.


Өйткені сол бір мүшел уақыт бұрын әкімшілдік-әміршілдік жүйе журналистің өзіне де, сөзіне де цензура қойғысы келіп, бас газеттің басшысы арқылы ықпал етіп, «ықтырып» алғысы келіп талай әрекеттенген еді.


Бірақ оған бағынатын Гүлай қайда?! Сол кездегі «саясаткерлердің» өзі бүгінде қайда жүргені белгісіз болып қалды. Ал ақын, журналист, Ақпарат саласының да, Мәдениет саласының да үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Гүлайым Дәуітбай ел-халқының ықыласына бөленіп, абыроймен шабытты шағына, жемісті жасына жетіп отыр.


Көпшілік қауым биліктің үнпарағы деп қабылдайтын «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстаудағы тілшісі болып Гүлайым Шынтемірқызы барғаннан кейін жерлестеріміздің көзқарасы оң бағытқа өзгере бастады. Себебі сын-пікірді өткір жазып, мәселелерді батыл көтерген мақалалары бірінен кейін бірі жарияланып жатты.


Ол кезде әлеуметтік желілердің бүгінгідей ықпалы жоқ еді. Сондықтан руханият, мәдениет, әлеуметтік сала, экономика мәселелері бойынша жазылған көлемді сараптамалық мақалалар тиісті мекемелерде талқыланып, нақты нәтижесін беретін.


Журналист көтерген мәселелердің ауқымы өте кең болды. Дәл бүгінгідей 12 тамыз – Халықаралық Каспий күні қарсаңында Каспий теңізінің мәселелерін зерттейтін бірде-бір ғылыми институттың жоқ екенін айтып, оның флорасы мен фаунасын қорғау жөнінде алғашқылардың бірі болып бастама көтерді. «Қошқар ата» улы көлін залалсыздандыру мәселесін зерттеп, жан-жақты жазды. Асыл тұқымды Адай жылқысының мәртебесін алу мәселесін қайта-қайта ұсынды. Соның нәтижесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударып, Үкіметке нақты тапсырма берді. Арнайы сынақтар жүргізіліп, жан-жақты зерттеліп, ақырында «Адай жылқысы» жеке тұқым ретінде патент алды.


Балық шаруашылығын дамыту, Ақтау теңіз портымен қатар Құрық портын жандандыру мәселелерін де тұрақты түрде жазып отырды.


Маңғыстау облысы табиғи өсім жағынан да, қандастардың көптеп қоныстануы жағынан да республикада алдыңғы қатарда келеді. Соның салдарынан мектептер ұзақ жылдар бойы үш ауысыммен оқыды. Балаларды тасымалдап оқыту қалыпты көрініске айналған еді. Осындай жағдайда білім сапасына алаңдаған журналист тағы да бас басылымда өткір мақала жариялады.


Жасыратын түгі жоқ, бір кездері әкімдердің есеп беру кездесулері халық үшін емес, есеп үшін ғана өткізілетін. Сол жиындарға «ақпараттық қолдау» жасауға арнайы шақырылған тілші Гүлай Дәуітбай мұндай жасандылықты аяусыз сынады. Кейінгі басшылар осыдан сабақ алып, шынайылыққа көбірек бет бұра бастады.


Қазақ тілі мен әдебиетінің маманы ретінде «Қырымның қырық батыры» жырының «Манастан» несі кем?» деген мәселені көтеріп, негізінен толық нұсқасы Маңғыстауда ғана сақталған Ноғайлы жырларын ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізу туралы бастама жасады.


Журналистің негізгі тақырыбы – көбіне елеусіз қалып келген түбектің есесі кеткен еншісін түгендеу болды.


Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан, ұсынылған марапаттарын ала алмай кеткен Исатай Сүйеубаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы мәселені табандылықпен көтеріп, осы іске мұрындық болды. Өлінің үрейі үшін де, тірінің мерейі үшін де бұл үлкен игілік еді.


Ауданаралық және республикалық маңызы бар жолдардың жағдайын жазды. Науқандық жобалардың көзбояушылықпен өтетін тұстарын сынға алды. Медицина саласының мәселелерін, ауруханалар мен емханалардың жағдайын көтерді. Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының ондаған жыл бойы балабақша ғимаратын паналап отырғанын жазып, мәселенің шешілуіне ықпал етті. Кейін арнайы кең әрі жарық жаңа ғимарат салынды.


Облыстық кәсіпкерлік басқармасының Үкіметке берген есебіндегі «жұмыс істеп тұрған зауыттардың» жалған екенін әшкереледі. Одан кейін кемшіліктер түзетіліп, тіпті кейбір жауапты тұлғалар заң алдында жауап берді. Ауылда туып-өсіп, төрт түліктің жайын жете білетіндіктен ауыл шаруашылығы мәселелерін сауатты саралап жазды. Әсіресе жұт жылдары Маңғыстаудағы ахуалды жан-жақты зерттеп, өткір мақалалар жариялады. Шөлейт өңірдегі жер асты су көздері мен ортақ құдықтарды жекешелендіріп алғандардың әрекетін әшкерелеп, олардың халық игілігіне қайтарылуына себепші болды.


Мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін де табанды еңбек етті. Жазып қана қойған жоқ, әскери қызметкерлерге қазақ тілін үйретіп, қазақ тілі кабинетін жасақтап, қоғамдық негізде бір жыл бойы жүйелі жұмыс жүргізгенін жақсы білеміз.


Айтқанынан қайтпайтын қайсар қаламгердің көтерген мәселелерінің көбі дер кезінде, енді бірқатары уақыт өте келе шешімін тауып келеді. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» дейді халқымыз. Оның жазғандарының мемлекет деңгейінде ескерілгенін Президент Жолдауларынан, Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмаларынан анық байқаймыз.


Маңғыстауда жыл сайын «Aktau Open Fest», «Ақ мая-fest», «Шұбат-fest» секілді фестивальдарға бюджеттен миллиондаған қаржы бөлініп келеді. Ондай кездерде жанашыр журналист үнсіз қалған жоқ. Газет бетінде мәселе көтеріп, облыс бюджетін қорғауға, кей жағдайда шығындарды қысқартуға, тіпті кей жобаларды тоқтатуға ықпал етті. Мұның бәрі – газет тігінділерінде қатталып тұрған тарих.



Бүгінде журналистердің көбі пресс-релиз бен ақпараттық хабар таратумен ғана шектеліп жүргенде, әділеттілікті ту еткен Гүлайдың қызметі күреспен өтіп келеді. Кейбір басшыларға жақпағанымен, халық арасында абыройы жоғары.


Оның мақалалары ашық жиналыстарда да, жабық кабинеттерде де тұрақты талқыланып жатады. Бір шенеуніктің ашынғаннан: «Гүлайым Дәуітбаева «Егемен Қазақстан» газетін «Жас Алашпен» шатастырып жүрген жоқ па?» – деп айтқаны да ел аузында қалған.

Мен өзім оқып, есімде қалғандарын ғана тақырыптар бойынша тізіп отырмын. Болашақта осы мақалалардың өзін авторы жеке кітап етіп шығарса, елге қызмет еткен публицистиканың құнды шежіресіне айналары сөзсіз.


Гүлайым Дәуітбаеваның ақын екенін әдебиетші қауым да, оқырмандар да жақсы біледі. Бірақ жұмысына деген адалдығы сонша – өлеңді еңбек демалысында ғана жазып, әлеуметтік желіде жариялайды. Басқалар сияқты жаза сала газет-журналға ұсынбайды, кітап шығаруға да асыққан емес. Дегенмен оқырмандарының сұрауы бойынша жыр жинағын шығаратын уақыт әлдеқашан жеткен сияқты.

Ақын, журналист, публицист, драматург, сценарист Гүлайым Шынтемірқызы Дәуітбаеваның кемеліне келген шағында халқына берері әлі де мол екеніне сенеміз.


Қайраткер қаламгер, табанды тұлға, азамат апамыздың амандығын тілеймін. Қолынан қаламы түспесін. Айтары да, жазары да көп болсын.


Бақтыбай ЖАЙЛАУ,

Yessenov University аға оқытушысы, PhD докторант.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

12
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!