«Ақтау теңіз порты» АЭА: жыл басынан бері 174 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды
Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында 12 жаңа қатысушы тіркеліп, 21 инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Жобалардың жалпы инвестиция көлемі 173,994 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар 1 425 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жаңа жобалар бес субаймақты қамтып, 95 гектардан астам аумақта жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Otpannews.kz сайты.
Арнайы экономикалық аймақтың баспасөз қызметінің мәліметінше, инвестицияның негізгі бөлігі №11 субаймаққа тиесілі. Мұнда жалпы құны 145,9 млрд теңге болатын екі ірі көлік-логистикалық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Sarzha Cargo Terminal» ЖШС құны 64,9 млрд теңге болатын әмбебап терминал салуда. Ал «Sarzha Oil Terminal» ЖШС 81 млрд теңгеге мұнай құю терминалын салу жобасын іске асыруда.
Сонымен қатар майлау материалдарын өндіру, металл өңдеу, мұнай-газ жабдықтары, бетон және темірбетон бұйымдарын шығару бағыттарындағы өндірістік жобалар портфелі дайындалуда. №13 субаймақта жалпы құны 11,55 млрд теңге болатын 13 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар аясында 866 жұмыс орнын құру көзделген.
АЭА-ның қолданыстағы қатысушыларымен де жұмыс жалғасуда. ММТ «Саржа» астық терминалы жобасына қатысушылар құрамы кеңейтілді. «Пакетная фабрика» ЖШС жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын екі жаңа жобаны жүзеге асыруда. Ал «Fiberglass Tank Production» ЖШС қызмет түрлерінің тізімін кеңейтуде.
«Ақтау теңіз порты» АЭА жаңа өндірістік және көлік-логистикалық қуаттарды қалыптастыру жұмыстарын жалғастырып, Маңғыстау облысының инвестициялық өсімінің жаңа нүктелерін дамытуға ықпал етуде.