Бейнеуде қарттарға арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы басталды
Бейнеу ауданында егде жастағы тұрғындардың денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін «Белсенді ұзақ өмір сүру» әлеуметтік жобасы жұмысын бастады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жобаны «Ұлағат жолы» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр. Бағдарламаға 61 жастан асқан тұрғындар, сондай-ақ үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатыса алады.
Қатысушылар үшін спорттық жаттығулар, скандинавиялық жүріс, жаяу серуендеу, тыныс алу гимнастикасы, йога, шахмат пен дойбы үйірмелері ұйымдастырылған. Сонымен қатар сурет салу, ән айту, қолөнер және түрлі шеберлік сабақтарына қатысуға болады.
Жоба аясында мәдени кездесулер, би және арт-терапия, психолог мамандардың кеңесі мен тренингтері де қарастырылған. Ал әлеуметтік туризм бағыты бойынша экскурсиялар ұйымдастырылып, мұражайлар мен театрларға бару жоспарланған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба қарттардың денсаулығын жақсартып қана қоймай, жаңа қызығушылық табуына, араласатын ортасын кеңейтуіне және қоғамдық өмірден шет қалмауына мүмкіндік береді.
Жоба 2026 жылдың ортасынан бастап жүзеге асырылып жатыр. Қызмет көрсету туралы келісім жыл соңына дейін жасалған. Нәтижесі жақсы болса, бағдарламаны тағы екі жылға ұзарту жоспарланып отыр.