«Жаңа Конституция: негізгі ережелері» тақырыбында білім беру мекемелерінің басшыларымен кездесу өтті
Ақтауда №33 жалпы білім беретін мектепте ҚР Ата Заң жобасының негізгі мақсаттарын түсіндіру мақсатында білім саласы мекемелерінің басшылары мен қызметкерлеріне арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өтті, деп хабарлайды otpannews.kz
Кездесуге ұстаздармен бірге Маңғыстау облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов, «Жаңартау шығармашыл жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Анар Шамшадинова, «Республика» партиясының МОФ «Жұмысшы мамандықтар» комитетінің төрағасы Салтанат Лұқпанова арнайы қатысты.
Басқосуда Конституцияға енгізілген толықтырулар мен өзгерістерді қоғам талқысына ұсыну, олардың маңызы мен күтілетін нәтижелері жөнінде бірқатар пікір айтылды.
Спикерлер Ата Заңдағы жаңашыл бастамалар құқықтық мемлекет қағидаларын нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.
Маңғыстау облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов өз сөзінде конституциялық өзгерістердің мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіру маңызды екенін атады.
«Ата Заңға енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтырулар ел дамуының жаңа кезеңіне сай келеді. Мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, реформалардың мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Ашық талқылау - қоғам сенімін күшейтетін маңызды қадам», - деді ол.
«Жаңартау шығармашыл жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Анар Шамшадинова да ұсынылып отырған түзетулердің қоғамдық маңызына тоқталды.
«Конституциялық жаңартуларды түрлі сала өкілдерімен бірге талқылау — өте дұрыс тәжірибе. Әсіресе білім саласы қызметкерлерінің белсенді араласуы маңызды. Себебі олар жас ұрпаққа құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын жеткізеді. Өзгерістер мен толықтырулар елдің жаңару бағытын нақтылай түседі», - деді ол.
Кездесу барысында ұстаздар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, спикерлерден нақты жауаптар алды.