Otpan News Logo

Жаңа көкжиектер: Ақтаулық ағылшын тілі мұғалімі STEM әлемін игеруде

|
17.08.2026 11:02
Жаңа көкжиектер: Ақтаулық ағылшын тілі мұғалімі STEM әлемін игеруде

Цифрландыру мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде заманауи технологиялар білім беру үдерісіне де белсенді түрде еніп келеді. Бүгінде мұғалімдер сабақтарды қызықты әрі тиімді өткізу үшін жаңа құралдар мен әдістерді меңгеріп, білімді тәжірибемен ұштастыруға басымдық беруде, деп жазады otpannews.kz.

 

Осындай заманауи бағыттарды өз тәжірибесіне енгізуге ұмтылып жүрген ұстаздардың бірі – Ақтау қаласындағы Н. Марабаев атындағы №7 мектеп-лицей директорының орынбасары, ағылшын тілі пәнінің педагог-зерттеушісі Любовь Зайцева. Ол STEM бағыты бойынша арнайы білім алып, алған тәжірибесін оқушылармен жұмыс барысында қолдануды жоспарлап отыр.

 

Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллект жылына орай азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және заманауи технологияларды меңгеруге ерекше мән берілуде. Бұл үдерісте педагогтердің рөлі айрықша. Себебі жаңа технологияларды білім беру саласына алғаш енгізіп, оны оқушыға түсінікті әрі пайдалы форматта ұсынатын да – ұстаздар.

 

Любовь Зайцева STEM бағыты бойынша оқу барысында теориялық біліммен қатар, тәжірибелік дағдыларды да меңгерген.

 

«Бұл курс туралы әріптестерімнен естідім. Кейін әлеуметтік желілерден ақпаратын көрдім. STEM тақырыбы бірден қызығушылығымды оятты. Себебі бүгінде бұл – сұранысқа ие бағыттардың бірі. Мен үшін тек теорияны тыңдау емес, жұмыста бірден қолдануға болатын нақты құралдарды меңгеру маңызды болды», – дейді педагог.

 

STEM – ғылым (Science), технология (Technology), инженерия (Engineering) және математика (Mathematics) бағыттарын біріктіретін білім беру тәсілі. Бұл әдіс оқушылардың алған білімін тәжірибеде қолдануына, сыни ойлауына, шығармашылық қабілетін дамытуына, топпен жұмыс істеуіне және түрлі мәселелердің шешімін табуына мүмкіндік береді.

 

Ұстаздың айтуынша, оқу курсы оның күткенінен де жоғары нәтиже көрсеткен.

 

«Біз балалармен жұмыс істеу әдістерін жай ғана теория жүзінде оқып қоймай, өзіміз сол процестен өттік. Шағын робот құрастырып, оның қозғалысын бағдарламаладық, кедергіге жақындағанда тоқтауын үйреттік. Бұл менің робототехника саласындағы алғашқы қадамдарым болды», – деп бөлісті Любовь Михайловна.

 

Оқу барысында командалық жұмыстың да маңызы ерекше болған. Любовь Зайцевамен бірге топта екі информатика пәнінің мұғалімі мен бастауыш сынып педагогі білім алған. Әр маман өз тәжірибесімен бөлісіп, ортақ жобаны әзірлеген.

 

«Біз әрқайсымыздың тәжірибемізді біріктіріп, оқу соңында жобамызды әзірлеп, қорғадық. Әртүрлі сала мамандарының бір-бірін толықтыратынын көру өте қызықты болды», – дейді ол.

 

Алынған білімін педагог бірнеше бағытта қолдануды жоспарлап отыр. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ретінде ол CLIL – пәнді шет тілі арқылы оқыту әдісін сабақтарына енгізбек. Мысалы, оқушылар қарапайым тәжірибелер жүргізіп, түрлі жобалар жасап, олардың нәтижесін ағылшын тілінде сипаттай алады.

 

Мұндай пәнаралық тәсіл бір мезетте оқушылардың тілдік дағдыларын, шығармашылық ойлау қабілетін және командалық жұмыс мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді.

 

«Балалар өз еңбегінің нақты нәтижесін көрген кезде, олардың пәнге деген қызығушылығы артады. Олар талқылауды, шешім іздеуді, бірлесіп жұмыс істеуді және сыни ойлауды үйренеді», – дейді педагог.

 

Любовь Зайцева директордың инклюзивті білім беру жөніндегі орынбасары ретінде STEM технологияларының ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де мүмкіндігі мол екенін атап өтті.


«Мұндай оқушылар үшін мультисенсорлық тәсіл өте маңызды. Яғни ақпаратты тек естіп қана қоймай, оны көру, қолмен ұстап көру, өз қолымен жасау мүмкіндігі болуы керек. Бұл күрделі тақырыптарды әр баланың жеке мүмкіндігіне қарай бейімдеуге көмектеседі», – дейді ол.

 

Педагог оқу курсының басты артықшылықтарының бірі – оның тәжірибеге бағытталғандығы болғанын атап өтті. Ұзақ дәрістердің орнына қатысушылар бірден нақты тапсырмаларды орындап, жобалар әзірлеп, өзара тәжірибе алмасты.

 

«Бізді шағын топтарға бөліп, нақты міндеттер берді. Ешкім қателесуден немесе жаңа идея ұсынудан қорықпады. Қатысушылар бір-бірін қолдап, тәжірибелерімен бөлісті. Соның арқасында оқу процесі жеңіл әрі шабыттандырарлық өтті», – дейді Любовь Зайцева.

 

Бүгінде STEM технологиялары мектептегі білім беру жүйесін жаңғыртудың тиімді құралдарының біріне айналып келеді. Ақтаудағы №7 мектеп-лицей педагогінің тәжірибесі де заманауи технологиялар мен жаңа әдістемелерді дұрыс қолдану арқылы сабақты мазмұнды, қызықты әрі тәжірибеге бағытталған етуге болатынын көрсетеді.

 

Ең бастысы – STEM тек робот немесе технология жасаумен шектелмейді. Бұл – баланы ізденуге, тәжірибе жасауға, қателіктен сабақ алуға, командамен жұмыс істеуге және өз шешімін табуға үйрететін заманауи білім беру мәдениеті. Ал осындай жаңашылдыққа ұмтылған ұстаздар үшін әрбір жаңа технология – оқушының мүмкіндігін кеңейтетін жаңа көкжиек.

49
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!