Заң мен тәртіп қағидаты: жас патриоттар марапатталды
Ақтау қаласындағы №13 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып оқушыларының қатысуымен «Заң мен тәртіп қағидаты» тақырыбында іс-шара өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Іс-шараның басты мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін пысықтау. Жиын аясында «Есте сақта және ойлан» атты суреттер байқауы ұйымдастырылып, жас таланттар жол қауіпсіздігі мен тәртіп тақырыбындағы шығармаларын көрсетті.
Конкурс қорытындысы бойынша 4 «Г» сынып оқушысы Жағыпар Томирис – 1-орын иемденді. Ал 2 орын – 4 «Г» сынып оқушысы Булат Милана мен 2 «Д» сынып оқушысы Ершорин Абу-Бакрға бұйырды. 2 «А» сынып оқушысы Алмағанбет Айдария, 3 «Ғ» сынып оқушылары Сайлаубек Дамина мен Айбар Бексұлтан жүлделі 3-орын жеңімпаздары атанды.
Жас таланттарды марапаттау рәсімінде Маңғыстау ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алижан Мейрманов қатысып, оқушыларды құттықтады. Балаларды жол ережесін сақтауға, заңды бұзбауға шақырып, патриоттықтың үлгісі болуға шақырды.
“Іс-шара нәтижесінде балалардың құқықтық сауаты артты, жол қауіпсіздігіне қызығушылығы оянып, патриоттық сезім мен қоғам алдындағы жауапкершіліктері қалыптасты. Сонымен қатар оқушылар полиция қызметімен танысып, заңға бағыну мәдениетін өмірлік ұстанымға айналдырары сөзсіз. Бұл іс-шара жас ұрпаққа заң мен тәртіптің маңызын түсінуге, қоғам алдындағы жауапкершілік пен патриоттық сезімді қалыптастыруға зор үлес қосады”,- деп бөлісті департамент өкілдері.