Маңғыстауда жастар арасында дзюдоны дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалды
Маңғыстау облысында дзюдо спортын дамыту және жастарды қолдауға бағытталған жиын өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кездесуге Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясының және облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының өкілдері, ерікті жастар, сондай-ақ өңірдің үздік дзюдошылары қатысты. Қатысушылар қатарында Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа кубогының екі дүркін қола жүлдегері, ҚР Спартакиадасының чемпионы, әлем чемпионатының қатысушысы Руслан Мусаев, «Abai Open» халықаралық турнирінің күміс жүлдегері, Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Ұлдана Ходжаназарова, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері және жастар арасындағы Азия кубогының жүлдегері Диас Жолдыбаев та болды.
Кездесу аясында Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясы мен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы өзара ынтымақтастық орнатты. Меморандумға федерация вице-президенті Мирас Сайынов пен басқарма басшысының орынбасары Қалампыр Уәзірова қол қойды.
Тараптар өңір жастары арасында дзюдо спортын кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және бірлескен спорттық-әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты. Меморандум аясында жарыстар, оқу-жаттығу жиындары, шеберлік сабақтары, мотивациялық кездесулер ұйымдастыру, сондай-ақ әлеуметтік осал топтағы жастарды спортқа тарту көзделген.
Кездесуде сөз сөйлеген федерация вице-президенті Мирас Сайынов Мемлекет басшысының спортқа қатысты ұстанымына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстардың маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту – ұлт денсаулығының кепілі екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл – біз үшін нақты бағыт. Бүгінгі меморандум – жай келісім емес, жүйелі жұмыстың бастамасы. Дзюдо – Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген спорт түрі. Сондықтан біз бұл бағытта тек нәтиже емес, сапаға жұмыс істеуіміз керек. Жастарға мүмкіндік беру, оларды қолдау – біздің негізгі міндетіміз», – деді Мирас Сайынов.
Іс-шара барысында дзюдо спортын дамыту, жастарға қолдау көрсету және саланы жүйелі түрде ілгерілету мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ашық кездесулерге, бірлесіп жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді.
"Біз жастардың бастамасын әрдайым қолдаймыз және мұндай жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайынбыз. Дзюдо сияқты спорт түрлері арқылы жастарды тәртіпке, жауапкершілікке баулу – өте маңызды бағыт. Сондықтан алдағы уақытта да федерациямен тығыз жұмыс істеп, ортақ жобаларды бірге іске асыруға мүдделіміз", – деді басқарма басшысының орынбасары Қалампыр Уәзірова.
Шара соңында тараптар өзара пікір алмасып, алдағы жоспарларды талқылады.