Ақтаулық оқушы жасанды интеллект жобалары бойынша ұлттық байқауда үздік нәтиже көрсетті
Халықаралық alem.ai жасанды интеллект орталығының алаңында Қазақстанның барлық өңірінен 830-ға жуық өтінім түскен alem.ai battle ұлттық байқауы қорытындыланды. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өткен бұл байқау мектеп оқушылары, студенттер, стартаптар мен зерттеушілерді біріктірген AI саласындағы ең ірі бастамалардың біріне айналды. Жоба идеяның бастапқы прототипінен бастап, нақты пайдаланушылары бар дайын шешімдерге дейінгі толық даму кезеңін қамтиды. Үздік 20 жобаның қатарына Маңғыстау облысынан қатысқан оқушы да енді. Бұл туралы otpannews.kz хабарлады.
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Есбол Азанның айтуынша, оның «Sardar» жобасы - қазақ мәдениетіне негізделген, жасанды интеллект қолданылған 3D ойын.
«Біздің ойындағы NPC кейіпкерлері дайын сценарий бойынша әрекет етпейді. Олар жасанды интеллекттің көмегімен өздігінен “өмір сүріп”, әрекет етеді. Сондықтан ойын әлемі шынайы әрі жанды көрінеді. Қазіргі уақытта демо-нұсқасын әзірлеп жатырмыз, ал толық нұсқасын 2026 жылы Steam платформасында шығаруды жоспарлап отырмыз. Ойын ашық әлем форматында құрылған. Ойыншы қазақ даласына түсіп, өз жолын өзі таңдай алады. Мысалы, ауыл өміріне қатысты бағыттар бар — тұрғындармен қарым-қатынас жасау, дәстүрлерге қатысу, оқиғаның өрбуіне әсер ететін шешімдер қабылдау. Сонымен қатар, тарих пен мифологиядан шабыт алған элементтер де қамтылған. Бұл - халықтық бейнелерге негізделген кейіпкерлермен кездесу және ерекше ойын тәжірибесін қалыптастыратын сюжет желілері», - дейді оқушы.
Айта кетейік, Есбол бұл жобаны 2024 жылдың күзінен бастап бастапқыда жалғыз өзі әзірлеген. Қазіргі таңда жобаны кеңейту кезеңінде геймдев, жасанды интеллект және дизайн бағыттары бойынша команда жасақтап жатыр.