Otpan News Logo

Ақтауда әдіскерлердің III Республикалық форумы өтті

Ақтауда әдіскерлердің III Республикалық форумы өтті

«Әдістемелік қызметті трансформациялау: инновация, сапа, тиімділік» тақырыбында III Республикалық әдіскерлер форумы өтті. Жиында білім сапасын арттыру және оқытуға заманауи тәсілдерді енгізу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Форумда дамып келе жатқан білім беру жүйесі туралы айтылды. 2023-2029 жылдарға арналған Білім беруді дамыту тұжырымдамасында белгіленген басымдықтар мен заманауи мектептегі әдістемелік қызметтің рөлі туралы біршама ақпарат айтылды. Бүгінде дәл осы әдістемешілер облыс, қала және аудан деңгейінде педагогтарға қолдау көрсетіп, жаңа білім беру тәсілдерін тәжірибеге енгізуге көмектесуде. Еліміз бойынша бұл салада 3 мыңнан астам маман еңбек етеді. Министрдің тапсырмасымен 2025 жылдан бастап жүйелі трансформация басталды. Нәтижесінде қазірдің өзінде мамандардың сапалық құрамы 18 пайызға артты.


"Аттестациядан өткен мамандардың шамамен 25 пайызының ғылыми дәрежесі бар. Педагогикалық мотивация саласында заңнамаға өзгерістер енгізілді. Әкімдіктерге қарасты өңірлік орталықтардың қызметкерлері үшін қосымша ынталандыру төлемдері қарастырылған. Аттестаттау орталықтарының бастамасымен бүгінде білім сапасын арттыруға, тәрбие жұмысын және қосымша білім беру жүйесін дамытуға бағытталған 700-ден астам жоба жүзеге асырылуда", - деді Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық академия жанындағы Ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу орталығының директоры Болат Аманжол.


Форум аясында Маңғыстау облысының бес ауданының, сондай-ақ Ақтау және Жаңаөзен қалаларының жетістіктерін біріктірген тақырыптық көрме өтті. Мұнда ұлттық киімдер, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, әдістемелік құралдар мен жасанды интеллект, робототехника және цифрлық технологиялар саласындағы заманауи жобалар таныстырылды. Экспозиция білім беру саласында дәстүр мен инновацияның қалай ұштасатынын көрсетті. IQ Intellectual School мектебінің робототехника үйірмесінің жетекшісі Гүлзат Саназар шәкірттерінің жетістіктері мен робототехника саласындағы жобалары туралы айтып берді.


"Біздің оқушыларымыз FIRST жарыстарына алғаш рет қатысып, бірден Орталық Азия деңгейіне шықты. Облыстық кезеңде бір команда финалист атанса, екіншісі «Winner» номинациясын жеңіп алды. Бұл жеңіс балаларға Астанада өткен Орталық Азия кезеңіне жол ашты. Онда оқушылар өз командасын лайықты танытып, дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Жарысқа барлығы 5 мыңға жуық қатысушы қатысты", - деді Гүлзат Саназар.


Көрмеде 3D-дизайн саласындағы жобаларға ерекше назар аударылды. Бес жылдан астам тәжірибесі бар мұғалім Әділет Сәндібек архитектуралық макеттерден бастап 3D-модельдеу және басып шығару арқылы жасалған цифрлық жұмыстарын ұсынды. Оның айтуынша, мұндай курстар оқушылардың техникалық ойлауын, креативтілігін және заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын дамытады. Сондай-ақ, мектеп есептілігін автоматтандыруға арналған бағдарлама таныстырылды. Бұл жүйе педагогтарға үлгерім, сабаққа қатысу және басқа да көрсеткіштер бойынша қажетті есептерді бірнеше минут ішінде автоматты түрде жасауға мүмкіндік береді. Бұл күнделікті қағазбастылықты айтарлықтай азайтады.

33
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!