Otpan News Logo

Ақтауда екі айлық сәби қайтыс болды

|
04.04.2026 22:30
Ақтауда екі айлық сәби қайтыс болды

Блогер Азамат Сәрсенбаевтың айтуынша, баланың ата-анасына көршілер тарапынан бірнеше рет шағым түскен. Олардың сөзінше, бұл отбасында жиі жанжал болып, алкогольдік ішімдік ішу жағдайлары орын алған, деп хабарлайды otpannews.kz.

 

Азамат Сәрсенбаев баланың анасы 32 жастағы әйел, ол мемлекеттен жалғызбасты ана ретінде пәтер алғанын атады. Оның бірге тұратын азаматы 26 жаста көрінеді.

 

«Олар бірнеше рет бірге ішімдік ішіп, подъезде жанжал шығарған. Көршілер қамқоршылық органдарына, полицияға, прокуратураға шағымданғанымен, нәтиже болмаған. Соңғы шағым өткен жылдың қараша айында түскен. Соның салдарынан осы отбасында бала қайтыс болды», - деді блогер.

 

Полиция мәліметінше, 4 сәуір күні сағат 11:00-де «102» пультіне хабарлама түскен. Дәрігерлер Ақтау қаласындағы медициналық мекемелердің бірінде екі айлық сәбидің қайтыс болғанын хабарлаған.

 

«Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Алғашқы тексеру кезінде баланың денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тексеру шаралары жүргізілуде. Анықталғандай, бұл отбасы бұған дейін құқық қорғау органдарының бақылауында болған және учаскелік полиция қызметі тарапынан жүйелі түрде тексеріліп отырған. 2025 жылғы 19 қарашада учаскелік инспектор тұрғындармен кездесу өткізіп, заң талаптарын түсіндіру және құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүргізген. Баланың әкесі бір жыл ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы бойынша төрт рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ол 461-бап бойынша жауапқа тартылып, сот шешімімен 10 тәулікке арнайы қабылдау орнына қамалған. Сондай-ақ оған ерекше мінез-құлық талаптары белгіленіп, профилактикалық есепке алынған. Екі рет әкімшілік қадағалау орнату үшін материалдар сотқа жолданған. Жүргізілген жұмыстар жүйелі профилактикалық сипатта болған. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында 2026 жылғы 27 наурызда учаскелік инспектор қосымша шаралар қабылдау үшін әкімдікке ұсыныс жолдаған», - деп хабарлады полиция.

 

Енді аталған оқиғаға қатысты қорытынды процессуалдық шешім тексеру нәтижесіне сәйкес, заң талаптарына сай қабылданатын болады. 

102
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!