UNICEF-тің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Ақтау мектептерінде дәріс оқыды
Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне БҰҰ жанындағы UNICEF Kazakhstan қорының басшысы Рашед Мұстафа Сарвар келді. Ол зияткерлік мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, оқушылармен еркін форматта сұхбат жүргізді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кездесуге мектептегі «Экокөшбасшы», «MUNNISA», «Мейірім өскіні» еріктілер тобының мүшелері, Жаңаөзен қаласынан келген «Жасыл жебе» және «Ғибрат PRO» ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиын барысында мектеп директоры Ринат Жұмабаев қонақтарға алғысын білдіріп, «Еріктілер жылы» аясында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндап берді.
UNICEF Kazakhstan басшысы Рашед Сарвар зияткерлік мектептің миссиясы мен құндылықтарының маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол ұйымның бала құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарымен таныстырып, атқарылған істерге тоқталды. Сондай-ақ, оқушыларға құнды кеңестер беріп, қоршаған ортаны қорғау мен жасыл желектерді көбейтудің маңызын басып айтты.
"Жаһандық жылыну мен климаттың өзгеруі туралы айту, осындай ақпаратты халыққа жеткізу өте маңызды. Өткен жылы UNICEF 25 мың ағаш отырғызып, 500 тоннадан астам қоқыс жинады. Біздің «жасыл ел» құруға деген ұмтылысымызды қоғамға жеткізу - басты міндетіміз", -деді Рашед Сарвар.
Кездесу соңында мектеп директоры қонаққа оқушылар мен мұғалімдердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын сыйға тартып, қатысушылар естелік суретке түсті.