Otpan News Logo

«UMAY» бағдарламасы: Үздік жобаларға грант берілді

|
19.09.2026 13:07
«UMAY» бағдарламасы: Үздік жобаларға грант берілді

Ақтауда әйелдердің кәсіпкерлік және кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған «UMAY» бағдарламасы өз мәресіне жетті. Бес күнге созылған оқыту бағдарламасының қорытынды кезеңінде қатысушылар өздерінің бизнес-жобаларын қорғап, бес жеңімпаз анықталды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Биыл екінші рет ұйымдастырылған жоба аясында 100 әйел бес бағыт бойынша тегін білім алып, кәсіп бастауға және бизнесті дамытуға қажетті практикалық дағдыларды меңгерді.


«UMAY» бағдарламасы Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында жүзеге асырылды. Биыл жобаға қатысуға 220 өтінім келіп түскен. Үміткерлерді арнайы комиссия олардың әлеуметтік санаты, қажеттіліктері мен бизнес-идеялары негізінде бағалап, 100 қатысушыны іріктеп алды.


Бағдарлама аясындағы оқу толығымен тегін өтті. Қатысушылар қаржылық сауаттылық, тігін ісі, маркетплейс, мемлекеттік тапсырыс және жасанды интеллект бағыттары бойынша білім алды. Оқу аяқталғаннан кейін де жоба қатысушылары үш ай бойы сарапшылардан кеңес алып, өз кәсіптерін дамыту бойынша сүйемелдеуге ие болады.


Биылғы бағдарламаның басты ерекшеліктерінің бірі - қатысушылардың оқу барысында алған білімдерін нақты бизнес-жобалар арқылы көрсетуі. 18 қыркүйекте өткен қорытынды кезеңде әйелдер өз жобаларын арнайы комиссия алдында қорғады.


Жеңімпаздарға әр бағыт бойынша 500 мың теңгеден қаржылай сыйлық табысталды. Осылайша жобаның жалпы жүлде қоры 2,5 миллион теңгені құрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қолдау қатысушыларға өз кәсібін бастауға немесе қолданыстағы жобаларын дамытуға мүмкіндік береді.


Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева «UMAY» бағдарламасының әйелдер кәсіпкерлігін дамытудағы маңызына тоқталды.


-Бұл - әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын ынталандырып, олардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды жоба. «UMAY» бағдарламасы тек теориялық білім берумен шектелмейді. Қатысушылар бес күн бойы тәжірибелі мамандардан кәсіп жүргізудің негізгі бағыттары бойынша білім алып, өздерінің бизнес-идеяларын пысықтады. Бағдарламаның қорытынды кезеңінде әр қатысушы өз жобасын қорғап, оны әрі қарай дамыту жоспарын ұсынды. Үздік бизнес-жобаларға қаржылай қолдау көрсетілді. Біз үшін әйелдердің жаңа білім алып қана қоймай, оны нақты іске айналдыруы маңызды, - деді Гүлмира Балғожаева.


Бағдарлама қорытындысы бойынша Айман Қолғанатова «IKEM-AI» жобасымен, Виктория Гуляева «SH YOU CLO» жобасымен, Орынбибі Базарбаева «Москитные сетки Актау» жобасымен, Айгерім Толеуова «Oigital Qazaq qyzy» жобасымен және Әсемгүл Байзақова «Бала дамуы» жобасымен үздік деп танылды.


Оқу барысында қатысушыларға тәжірибелі мамандар мен кәсіби тренерлер кәсіпті бастау, басқару және дамытуға қажетті практикалық білім берді. Бағдарлама спикерлері қатарында қазақстандық кәсіпкер, қаржы сарапшысы, бизнес-стратег және инвестор Шолпан Түсіпбекова, Селлерлер қауымдастығы кеңесінің мүшесі, шағын бизнес мүддесін қорғаушы Артем Бухонин, жасанды интеллект бойынша практик-тренер, AI-продюсер Марат Оразбаев, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстар мен гранттық менеджмент саласының маманы Асанәлі Тапен бар.

17
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!