Ақтауда «BS Arena» маңында жаңа жасыл аллеяның негізі қаланды
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Ақтау қаласында ауқымды көгалдандыру жұмыстары қарқын алды. Бұл жолы 39-шағынаудандағы «BS Arena» маңынан жаңа жасыл аллеяның негізі қаланып, 100 түп көшет егілді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Экологиялық бастамаға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, мемлекеттік қызметшілер, коммуналдық сала өкілдері, сондай-ақ белсенді жастар мен волонтерлер қатысты. Жаңа көше бойына 50 түп үйеңкі мен 50 түп гибискус отырғызылып, қатысушылар оларға су құйып, аумақты абаттандыруға өз үлестерін қосты.
Шара барысында өңір басшысы бұл науқанның бір реттік науқан емес, тұрақты үрдіс екенін ерекше атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендерді көгалдандыру мен экология мәселелеріне баса мән беріп келеді. Бүгін біз тек ағаш егіп қойған жоқпыз, тұрғындарға арналған жайлы қоғамдық кеңістіктің іргетасын қалап жатырмыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Айта кетейік, көшет отырғызу жұмыстарымен қатар Каспий теңізінің жағалауында санитарлық тазалық жүргізіліп, мыңдаған тонна қоқыс шығарылды. Жыл басынан бері облыс бойынша акцияға 185 мыңнан астам адам қатысып, ауқымды жұмыстар атқарылды.