Балалардың құқығын қорғау мәселелері бойынша ашық есік күні өтті
Бүгін «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелеріне арналған ашық есік күні өтті. Іс-шараға облыстық «Әйелдер қанатының» жетекшісі Пания Сармурзина, қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Мадияр Қалиасқаров, сондай-ақ бірқатар басқарма мен мекеме мамандары қатысты.
Ашық есік күніне 10-ға жуық тұрғын келіп, тұрғын үй, әлеуметтік қолдау, құқықтық көмек, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты мәселелерін көтерді.
«Бала құқығын қорғау – тек белгілі бір мекеменің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан азаматтардың мәселесін тыңдап қана қоймай, оны нақты шешуге ықпал ету маңызды. Бүгінгі қабылдауда көтерілген әрбір мәселе жауапты мамандардың қатысуымен қаралып, тиісті түсіндірме мен көмек көрсетілді», – деді «Әйелдер қанатының» жетекшісі Пания Сармурзина.
Қабылдауға келген тұрғынның бірі – екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған мүмкіндігі шектеулі ана. Оның айтуынша, балаларының бірі аутизм диагнозымен есепте тұрса, екіншісінің туа біткен мүмкіндігі шектеулі. Тұрғын балаларын балабақшаға орналастыруға және өзі жұмысқа орналасуға көмек сұрады.
Мәселе бойынша облыстық Мансап орталығының басшысы Ұлбазар Орынбай жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, отбасыға қолдау көрсету мүмкіндіктері қарастырылатынын айтты. Өтініш иесінің жұмысқа орналасу мәселесі де назардан тыс қалмады. «Отбасы банк» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Медет Әбуғалиев филиалда бос жұмыс орны бар екенін айтып, кеңесші қызметін ұсынды.
Көпбалалы отбасы тәрбиелеп отырған тағы бір ақтаулық тұрғын тұрақты баспана мәселесімен жүгінді. Осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген тұрғынға «Отбасы банк» өкілі көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламалары, қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктері және тұрғын үй алу тәртібі жөнінде кеңес берді. Тұрғын алдағы уақытта банк филиалына барып, қажетті құжаттарын ұсыну арқылы баспана алу мүмкіндігін қарастыратынын жеткізді.
Ашық есік күні барысында білім алуға қатысты мәселе де көтерілді. Ақтаулық тұрғын 35-шағынаудандағы «Мейірбике» колледжіне 2020 жылы оқуға түскенін, алайда тұрмыстық жағдайына байланысты соңғы курсты аяқтай алмағанын айтты. Үш жылдан кейін оқуын қайта жалғастырып, аяқтау мүмкіндігін сұраған тұрғынға колледж директорының орынбасары Лейля Умбеталиева түсіндірме берді. Оның айтуынша, қолданыстағы оқу тәртібіне сәйкес азамат оқуын 2-курстан бастап жалғастыра алады.
Бейнеу ауданынан Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетіне оқуға түскен студент жатақхана жағдайына қатысты мәселе көтерді. Студент жатақханада жылу мен ыстық судың жоқтығын айтып, сондай-ақ кір жуатын орынды тегін пайдалануға мүмкіндік жасауды сұрады.
Студенттің мәселесі бойынша университет өкілі барлық қажетті жағдай жасалған, ыстық сумен қамтамасыз етілген №3 жатақханаға орналастыру мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар студенттер ортақ кір жуу орнын тегін пайдалана алатынын айтты.
Ашық есік күні барысында көтерілген барлық мәселе жауапты мамандардың назарына алынды. Тиісті мекеме өкілдері әрбір өтініштің заң аясында қаралатынын, қажет болған жағдайда азаматтарға құқықтық және өзге де көмек көрсетілетінін атап өтті.
Айта кетейік, ашық есік күні Мемлекет басшысының балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы саясатын қолдау, сондай-ақ азаматтармен тікелей байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.