АЛЕКСЕЙ ЛУЦЕНКО ҚАЗАҚСТАНҒА АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЕКІНШІ АЛТЫНЫН ӘКЕЛДІ
Алексей Луценко Айти–Нагояда (Жапония) өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасының екінші алтын медалін жеңіп алды.
Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі ерлер арасындағы тасжол велоспортынан жекелей уақытқа жарыста жеңімпаз атанды.
Алексей Луценко үшін бұл — мансабындағы төртінші Азия ойындары, ал құрлықтың басты додасында жеңіп алған бесінші алтын медалі.
Жарыс нәтижелері:
🥇🥇🇰🇿 Алексей Луценко — 41:24.05
🥈🇯🇵 Шунсукэ Имамура — 42:58.04
🥉🇲🇳 Сайнбаяр Джамбальямц — 42:58.06
Бұған дейін отандасымыз 2014, 2018 және 2023 жылдардағы Азия ойындарында да чемпион атанған.
Алексей Луценконың жекелей уақытқа жарыстағы бұған дейінгі нәтижелері:
🇰🇷 2014 жыл (42 км) — 50:28.78
🇮🇩 2018 жыл (40 км) — 55:37.13
🇨🇳 2023 жыл (39,7 км) — 48:05.75
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Азия ойындарына алғаш рет қатысқан 1994 жылдан бері жазғы Азия ойындарының бес дүркін чемпионы атанған спортшы бұған дейін тек каноэші Константин Негодяев болатын. Ол бұл нәтижеге 1994 және 1998 жылдардағы Азия ойындарында қол жеткізген.
Алексей Луценко сондай-ақ 2017 жылғы Азия чемпионы және 2012 жылғы 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионы.
Бүгінде тасжол велоспорты Қазақстанның 9 өңірінде дамытылады. Бұл спорт түрімен жүйелі түрде 5,3 мыңнан астам адам айналысады, спортшыларды даярлау жұмысын 111 жаттықтырушы жүргізеді.
Еліміздегі балалар-жасөспірімдер спорт мектептері жанынан тасжол велоспорты бойынша 22 бөлімше жұмыс істейді. Онда 1,9 мыңнан астам спортшы даярлықтан өтеді. Сонымен қатар спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық және өңірлік мектептер мен колледждерде, олимпиадалық даярлау және олимпиадалық резерв орталықтарында спортшыларды дайындау жұмыстары жүргізіледі.
Қазақстанның тасжол велоспорты бойынша ұлттық құрамасының сапында шамамен 120 спортшы бар, оның 27-сі штаттық ұлттық команда құрамына кіреді. Қалыптасқан даярлық жүйесі спорт резервін қалыптастырып, жасөспірімдер, жастар және ересектер құрамалары арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еске салайық, XX жазғы Азия ойындары Айти–Нагояда 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтіп жатыр.