Ақтауда Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған халықаралық бокс турнирі өтті
Ақтау қаласында қазақ боксының негізін қалаған көрнекті спортшы, КСРО спорт шебері атағын алған тұңғыш қазақ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған XVIII дәстүрлі халықаралық бокс турнирі өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
15-19 қыркүйек аралығында өткен турнирге 150-ге жуық спортшы қатысты. Байрақты бәсекеге Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Түрікменстаннан келген боксшылармен қатар, Қазақстанның бірқатар өңірлері мен Астана және Шымкент қалаларының құрама командалары қатысты.
Маңғыстау облысының намысын 16 ер және 4 әйел боксшы қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша жергілікті спортшылар 2 алтын, 1 күміс және 6 қола медаль жеңіп алды.
Жекпе-жектер ерлер арасында 10, әйелдер арасында 3 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Бес күнге созылған турнирде спортшылар тартысты бәсекеде өз шеберліктерін көрсетті.
– Шоқыр Бөлтекұлының есімін ұлықтауға арналған бұл турнирдің орны ерекше. Қазақ боксының дамуына зор үлес қосқан тұлғаның өнегелі жолы жас спортшыларға әрдайым үлгі. Осындай халықаралық жарыстардың Ақтауда өткізілуі өңірдегі бокс спортын дамытуға, спортшылардың шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді. Барлық қатысушыларға алғыс айтып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймын, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларына арнайы сыйақылар табысталды.
Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған халықаралық турнир спортшының есімін ұлықтап қана қоймай, жас боксшылардың тәжірибесін арттыруға және өңірде бокс спортын одан әрі дамытуға бағытталған маңызды спорттық шараға айналды.