Otpan News Logo

Маңғыстау облысында акушерия және гинекологиядағы өзекті мәселелер талқыланды

|
09.06.2026 15:15
Маңғыстау облысында акушерия және гинекологиядағы өзекті мәселелер талқыланды

9 маусымда Ақтау қаласында Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен «Маңғыстау облысы бойынша акушерия және гинекологиядағы өзекті мәселелер» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп otpannews.kz сайты хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.


Конференцияның негізгі мақсаты – ана мен бала денсаулығын сақтау бағытындағы медициналық көмектің сапасын арттыру, акушериялық-гинекологиялық қызметтің тиімділігін жетілдіру, саланың өзекті мәселелерін талқылау және заманауи тәжірибелермен алмасу.


Іс-шараға облыстың медициналық ұйымдарының басшылары, акушер-гинекологтар, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, перинаталдық көмек көрсету ұйымдарының мамандары, сондай-ақ аудандық ауруханалардың өкілдері қатысты. Аудандық медициналық ұйымдардың қызметкерлері конференция жұмысына онлайн форматта қосылды.


Конференция барысында жүкті әйелдерге, босанатын және босанғаннан кейінгі кезеңдегі әйелдерге медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсарту, қауіпті жүктіліктерді ерте анықтау, ана мен нәресте өлімін болдырмау, клиникалық хаттамаларды тиімді енгізу және өңірдегі акушериялық-гинекологиялық қызметтің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.


Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығының директоры Жапырақ Епенова өз сөзінде ана мен бала денсаулығын сақтау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, өңірде медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.


- Ана мен бала денсаулығын сақтау - денсаулық сақтау жүйесінің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Бүгінде өңірімізде жүкті әйелдерге, босанушылар мен жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Заманауи медициналық технологияларды енгізу, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және халықаралық стандарттарға сәйкес қызмет көрсету - біздің басты міндетіміз. Бүгінгі конференция тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды алаң болмақ. Ортақ мақсатымыз - ана мен бала денсаулығын нығайтып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеру, - деді Жапырақ Епенова. 


Конференция аясында қатысушылар өңірдегі акушериялық-гинекологиялық қызметтің қазіргі ахуалына талдау жасап, ана мен бала денсаулығын жақсартуға бағытталған өзекті баяндамалар тыңдалды. Сондай-ақ практикалық тәжірибелер мен клиникалық жағдайлар талқыланып, медициналық көмектің тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныстар айтылды.


Іс-шара қорытындысы бойынша өңірдегі акушериялық-гинекологиялық қызметтің сапасын жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар қабылданып, медициналық ұйымдар арасында өзара іс-қимылды күшейту жөнінде шешімдер қабылданды.

72
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!